Депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа шетелге шығуға тыйым салуды ұсынды

1 514

Фото: КремльМәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында мемлекеттік құпияға қанық бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңмен реттеу туралы бастама көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл ұсынысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльде Владимир Путинмен өткізген жұмбақ жүздесуі себеп болған.

Депутаттың пайымдауынша экс-президент, министрлер мен өзге де лауазымды тұлғалар иеленген мемлекеттік құпиялар ел қауіпсіздігінің кепілі болып табылады. Сондықтан олардың шекара асуына құқықтық тосқауыл қою қажет. Бапи халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Қытайдың шектеу шараларына сілтеме жасай отырып, Қазақстанның да осындай заңға мұқтаж екенін алға тартты.

«Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар» – деп мәлімдеді Ермұрат Бәпи.

Ермұрат Бәпи бұрынғы президент Назарбаев пен Қайрат Қожамжаров сияқты тұлғаларға қатысты «шекаралық бақылау» орнатуды ұсынды. Оның айтуынша экс-президенттің Мәскеуге сапары елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсету болуы мүмкін.

«Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық «қызыл жалауша» қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі «қызыл иті» елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе» – деп жазды депутат өз жазбасында.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльде кездескен еді. Тараптардың қандай мәселені талқылағаны туралы ресми ақпарат жарияланбады.