Президенттің бір жылдық сапарлары: 168 мың км жол жүріп, 252 сағатын ұшақта өткізді

2 525

Фото: АқордаПрезиденттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-дағы жазбасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы атқарған жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, жыл ішкі және сыртқы саясатта қарқынды әрі нәтижелі өткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Биыл Президент 9 өңірге барып, 50-ден астам өндірістік және әлеуметтік нысанды аралады, 16 облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтілуде. Қазақстан тарихында алғаш рет ЖІӨ 300 млрд доллардан асып, жан басына шаққанда 15 мың долларға жетпек. Жалпы құны 1,4 трлн теңгеден асатын 185 жоба іске қосылып, 22,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Көлік-логистика саласында бірқатар ірі жоба жүзеге асты. Теміржол, автожол және әуе инфрақұрылымы дамып, жаңа әуежайлар мен бағыттар ашылды. Елді Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыруға басымдық берілді.

Цифрландыру мен жасанды интеллект бағыты да ерекше назарда болды. «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданып, профильді министрлік құрылды, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. AI-Sana бағдарламасы арқылы 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерді.

Халықаралық аренада Президент 23 шетел сапарын жасап, 186 кездесу өткізді. Нәтижесінде жалпы құны 70 млрд доллардан асатын келісімдер жасалды. Қазақстанға шет мемлекет басшылары 30 рет сапармен келді.

Руслан Желдібайдың мәліметінше, бір жыл ішінде Мемлекет басшысы сапарлар барысында шамамен 169 мың шақырым жол жүріп, 252 сағатты әуе сапарында өткізген.