Қазақстандық өнім АҚШ нарығына жол тартты
Қазақстандық өнім енді тек көрші елдермен шектелмей, алыс нарықтарға да тұрақты шыға бастады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қостанай өңірінен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына 24 тонна бидай ұны жөнелтілді. Бұл -отандық ұн өнімінің Америка нарығына алғаш рет шығуының нақты қадамы. Жөнелтілімді еліміздің «KTZ Express» компаниясы ұйымдастырған. Жүк 10-шы наурыз күні жолға шығып, бірнеше көлік түрін біріктіретін мультимодальды бағыт арқылы жеткізілуде. Ұн теміржолмен Ақтау портына жеткізіліп, одан әрі Каспий теңізі арқылы Әзербайжандағы Алат портына тасымалданған. Кейін жүк Грузияның Поти портына жетіп, Қара теңіз арқылы Түркияның Стамбул қаласына бағыт алған. Осыдан соң бағыт Жерорта теңізі мен Атлант мұхиты арқылы жалғасып, соңғы нүкте - Нью-Йорк портына дейін жеткізілген.
Жалпы жеткізу уақыты шамамен 58 күнді құраған. Алғашқы кезеңді «KTZ Express» толық қамтамасыз етіп, ұнды контейнерге тиеу және оны Қостанайдан Ақтауға дейін жеткізу жұмыстарын атқарған. Ал теңіз арқылы тасымалдау әлемдегі ірі логистикалық компаниялардың бірі - «CMA CGM» арқылы жүзеге асырылуда.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жоба бір реттік жеткізілім ғана емес, қазақстандық өнімге деген халықаралық сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ұн секілді әлеуметтік маңызы бар өнімдерге әлемдік нарықта тұрақты қызығушылық байқалады. Мамандар Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызын ерекше атап өткен. Бұл дәліз Қазақстанға экспорт географиясын кеңейтуге, логистикалық тәуекелдерді азайтуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Компанияның хабарлауынша, жүк тасымалының барлық кезеңі толық бақылауда болады. Бұл жеткізілімнің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қостанайдағы диірменнен шыққан өнімнің Нью-Йорк сөрелеріне дейін жетуі - Қазақстанның тек шикізат экспорттаушы ел емес, өңделген өнімді де сыртқы нарыққа ұсына алатын мемлекетке айналып келе жатқанын көрсетеді.







