Екі ел мегаполистері ынтымақтастықты арттырды
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Шанхай делегациясының Қазақстанға сапары аясында Шанхай қаласының Халық үкіметінің төрағасы Гун Чжэнмен кездесу өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарт агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылап, оны одан әрі тереңдету перспективаларын қарастырды. Кездесу барысында ірі мегаполистер деңгейіндегі өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэн Шанхай компанияларының Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Машина жасау, логистика, жоғары технологиялар және цифрландыру салаларындағы бастамаларға басымдық берілмек.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Алматы мен Шанхай арасында 2025 жылы орнатылған бауырлас қалалар байланысының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл формат сауда, инвестиция, сондай-ақ мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге нақты мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады. Сонымен қатар, бірлескен жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және қытай бизнесінің Орталық Азия нарығына шығуына жаңа серпін беретіні айтылды.







