Балық шаруашылығына серпін: Кәсіпкерлерге 5%-бен несие ұсынылады
Қазақстанда аквашаруашылық саласы соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бағытына айналып отыр.- деп хабарлайды Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеген.
Комитет төрағасының мәліметінше, бүгінде аквашаруашылық саласында жалпы құны 60 млрд теңгеге жуық инвестициялық жобалар іске асырылу кезеңінде. Бұл бастамалар толық жүзеге асқан жағдайда саланың өндірістік әлеуеті едәуір артып, ішкі нарықты отандық өніммен қамту деңгейі жоғарылай түспек.
Жаңа өндірістік нысандар пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын 30 мың тонна балық жемі мен 14 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыруға мүмкіндік береді, - дейді министрлік.
Серік Сермағамбетовтің айтуынша, саладағы оң динамика 2021 жылдан бері айқын байқалады. Балық шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында шаруашылықтар саны 2,5 еседен астам өсіп, бүгінде 700-ге жуық нысанға жеткен.
Өндіріс көлемі де тұрақты түрде артып келеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 9 мың тоннаны құраса, қазіргі таңда 26 мың тоннаға дейін ұлғайған. Бұл - саланың жүйелі дамуының және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі.
2021-2025 жылдар аралығында аквашаруашылық бағытында жалпы құны 26 млрд теңге болатын 95 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Алдағы кезеңде де жаңа жобаларды іске қосу жоспарлануда.
Аталған жобалардың нәтижесінде өндірістік қуат 20 мың тоннадан асып, шамамен 1200 жаңа жұмыс орны ашылды, - деп атап өтті ол.
Саланың дамуына серпін беріп отырған маңызды факторлардың бірі - «Аквашаруашылық туралы» заң аясында қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктері. Атап айтқанда, жем шығындарының 30 пайызы субсидияланады, балық шабағын сатып алу, дәрі-дәрмек және аналық қор шығындарының 50 пайызы өтеледі. Сонымен қатар инвестициялық жобалар (зауыттар, тоғандар, тұйық су айналымы жүйелері) бойынша шығындардың 25 пайызы, ал ұңғымалар бұрғылауға кеткен шығындардың 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді қолдау шаралары саланың инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Нәтижесінде аквашаруашылық еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналып отыр.
2024 - 2025 жылдары аквашаруашылықтағы 10 кәсіпкерлік нысан жалпы 5,7 млрд теңге көлемінде несие алған. Ал 2026 жылы жаңа қаржылық құрал іске қосылмақ.
Енді айналым қаражатына 5% мөлшерлемемен 18 айға дейін, инвестициялық жобаларға - 6% мөлшерлемемен несие беріледі. Бұл бастама салаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.







