Көлік саласында көрсетілген қызмет көлемі 2,9 трлн теңгеге жеткен
2026 жылғы қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның көлік саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Нақты көлем индексі 112,8%-ды құрады, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі. Көрсетілген қызметтер көлемі 2,9 трлн теңгеге жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 2,4 трлн теңгелік көрсеткіштен асып түсті. Тасымалданған жүктің жалпы көлемі өткен жылдың қаңтар–наурыз айларымен салыстырғанда 8%-ға артып, 239,8 млн тоннаға жетті (2025 жылы - 222 млн тонна). Жолаушылар тасымалының көлемі 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамды құрады. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 442,5 млн жолаушы болған. Жыл соңына дейін оң динамиканы сақтау ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, барлық жұмыс түрлерімен 11 мың шақырым автомобиль жолын қамту жоспарланып отыр.
Теміржол саласында «Дарбаза - Мақтаарал» және «Мойынты - Қызылжар» жаңа желілерінің құрылысын аяқтау көзделген. Бұл жобалар желінің өткізу қабілетін арттырып, елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Азаматтық авиация саласында биыл Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі туристік аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланған. Көлік паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 3 ұшақ сатып алынды, олар «Air Astana» және «SCAT Airlines» әуе компанияларының паркін толықтырды. Сонымен қатар, 1800 бірлік жылжымалы құрамды жаңарту қарастырылған. Оның ішінде 236 локомотив, 1373 жүк вагоны және 191 жолаушылар вагоны бар.
Аталған шараларды іске асыру көлік саласының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және 2026 жылдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексінің жоспарлы 110% деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді,- делінген министрлік хабарламасында.







