Жалақыдан алынатын салықтарды бір төлемге біріктіру ұсынылды

2 507

Фото: ©Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіМәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында жалақыға түсетін салық жүктемесін 25%-ға дейін төмендетуді ұсынды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі жүйеде жұмыс берушілер жалақы қорынан жеті түрлі салық пен міндетті төлемді әртүрлі есептеу тәртібімен аударады. Бұл адал еңбек қатынастарын рәсімдейтін жұмыс берушілерге айтарлықтай қаржылық және әкімшілік жүктеме түсіреді. Мысалы, орташа айлық жалақы 430 мың теңге болған жағдайда, шамамен 146 мың теңге түрлі төлемдерге жұмсалады. Бұл жалпы жалақының 41%-дан астамын құрайды. Депутаттың сөзінше, бірдей табыс деңгейінде жалдамалы қызметкерге түсетін жүктеме жеке кәсіпкерлермен салыстырғанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен салыстырғанда 9 есе жоғары. Осыған байланысты Айтуар Қошмамбетов жалақы қорынан алынатын барлық салықтар мен төлемдерді бір ғана бірыңғай төлемге біріктіруді ұсынды. Оның мөлшерлемесі, әсіресе шағын және микро бизнес үшін, 20–25% деңгейінде белгіленуі тиіс. 

“Айта кету керек, бірыңғай төлем механизмі 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Демек, қажетті инфрақұрылым бар. Осыған байланысты жалақы қорынан алынатын барлық салық пен төлемдерді бір ғана бірыңғай төлемге біріктіру мәселесін қарастыру қажет. Оның мөлшерлемесі шағын бизнес субъектілерінің барлығы үшін салық режиміне қарамастан 20-25% деңгейінде белгіленуге тиіс”, - деді Қошмамбетов.

Депутат қазіргі күрделі жүйе көлеңкелі жұмыспен қамтудың артуына себеп болып отырғанын атап өтті. Соның салдарынан мемлекет салық түсімдерінен қағылса, азаматтар толыққанды әлеуметтік қорғау мен зейнетақы жинақтарынан шет қалып отыр. Статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың II тоқсанында экономикада 9,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 7,1 миллионы – жалдамалы қызметкерлер, ал 2,2 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Соған қарамастан, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерімен қамту деңгейі әлі де жеткіліксіз. Депутат 2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі шамамен 137 триллион теңгені құрағанын, алайда оның құрылымында еңбекақы үлесі небәрі 31% болғанын атап өтті. Ол бұған дейін Мемлекет басшысы жалақы қорына түсетін жүктемені жеңілдету бойынша нақты міндеттер жүктегенін еске салды. Атап айтқанда, салық жүйесін түсінікті әрі қарапайым ету, микро және шағын бизнес үшін жүктемені 25%-ға дейін төмендету және жалақы қорынан бірыңғай төлем енгізу тапсырылған. Сонымен қатар салық жүйесін толық цифрландыру және фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылды сервистік модельге көшіру қажеттігі айтылған.

Депутаттың пікірінше, бірыңғай төлем енгізу:

- жұмыс берушілер үшін есеп жүргізуді жеңілдетеді;

- көлеңкелі еңбек нарығын қысқартады;

- зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдер базасын кеңейтеді.

“Бүгін біздің алдымызда таңдау тұр: не адал еңбек ең қымбатқа түсетін жүйені сақтай береміз, не айқын шындықты мойындаймыз - қағаз жүзіндегі 40% және көлеңкелі үлкен нарықтан гөрі, ресми түрде жұмыс істейтін миллиондаған азаматтан 20–25% алған тиімді", -  деді депутат”

Ол мұндай тәжірибе Эстония, Ұлыбритания, Аустралия және Финляндия сияқты елдерде тиімді қолданылып жатқанын атап өтті.

Айтуар Қошмамбетов 2023 жылдан бері енгізілген бірыңғай төлем тетігінің нәтижелерін талдап, оны жетілдіру жолдарын қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, бұл төлемді “бір терезе” қағидаты арқылы мемлекеттік органдар немесе екінші деңгейлі банктер арқылы әкімшілендіру мүмкіндігін зерттеу қажеттігін айтты. Депутаттың айтуынша, аталған бастама жүзеге асқан жағдайда қызметкерлердің қолына тиетін таза жалақы көлемі артып, олардың әлеуметтік қорғалуы күшеюі мүмкін.