Ел экономикасының 2026 жылға арналған негізгі бағыттары айқындалды
Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасының биылғы жылғы соңғы шығарылымын келесі жылғы экономикалық болжамға арнады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, болжам Үкімет пен Ұлттық Банктің өздері жоспарлап отырған базалық сценарийден алынған.Сарапшы 5 негізгі параметрді негізге алғанын жеткізді.
– инфляция,
– экономикалық өсім,
– республикалық бюджет, оның орындалуы және дефициті,
– халықаралық резервтер,
– теңге бағамы.
Мәлімдеуінше, қазіргі модель бойынша Қазақстан 2028 жылы инфляцияны толық сабасына түсіріп, жоспарлаған дәлізге жеткізуге тиіс. Бірақ оған әлі 2 жыл бар. Экономикалық өсім.Сарапшының мәлімдеуінше, екінші параметр экономикалық өсім.
2025 жылды біз егер барлығы дұрыс болса 6,4% деген экономикалық өсіммен аяқтаймыз. Бұл өте мықты, тамаша көрсеткіш. Ал келесі жылы өсім қандай болуы мүмкін. Үкімет өзінің базалық сценариінде келесі жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 5,4% деңгейінде болады деп күтіп отыр. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылы 183,8 триллион теңге болуы тиіс. Ал 2028 жылы ол 229,8 триллион теңгеге жетеді деп болжанады. 520 курсымен долларға шақсақ, бұл 442 миллиард доллар. Бір қызығы Үкімет келесі жылы экономикалық өсімді 5,4% деңгейінде болжаса, халықаралық институттар тарапынан ондай қатты оптимизм жоқ. Халықаралық валюта қоры 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,5 пайызға өседі деп отыр. Ал Азия даму банкінің есебінше, біздің өсім 4,3 пайыз болады. Ұлттық банк те келесі жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,5 пайыз болады деген ұстанымда отыр, - дейді Айбар Олжай.
Пайымдауынша, Үкіметтікі тым оптимистік болжам екені байқалып тұр. Олар басқалардың болжамынан 1 пайызға артық берген. Ал экономистің ойынша, келесі жылы экономикалық өсім 5 пайыз шамасында болуға тиіс.







