ЖАСӨСПІРІМДЕР SIM-КАРТА АРҚЫЛЫ АЛДАНЫП ЖАТЫР
Қазақстанда жасөспірімдерді интернет арқылы алаяқтық схемаларға тарту жағдайлары жиілеп бара жатқаны туралы мамандар тарапынан ескерту жасалды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Алаяқтар көбіне Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы байланысып, «оңай әрі тез табыс табу» мүмкіндігін ұсынады. Олар жасөспірімдерден SIM-карта рәсімдеуді, түрлі онлайн-аккаунттар ашуды немесе белгілі бір сілтемелер арқылы тіркелуді сұрайды. Бастапқыда бұл әрекеттер қарапайым жұмыс сияқты көрінгенімен, кейін сол нөмірлер мен аккаунттар заңсыз қаржылық операцияларға және өзге де қылмыстық әрекеттерге пайдаланылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, мұндай схемаларға қатысу тек алаяқтардың арбауына түсу ғана емес, сонымен қатар заң алдында жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Көп жағдайда жасөспірімдер өздерінің қылмыстық схемаға қатысып жатқанын толық түсінбей қалады.
Құқық қорғау органдары мен киберқауіпсіздік саласының мамандары ата-аналарға балаларымен интернет қауіпсіздігі туралы ашық сөйлесуді, бейтаныс адамдардан келетін ұсыныстарға сенбеуді және күмәнді тапсырмаларды орындамауды түсіндіруді ұсынады.
Сондай-ақ, мамандар әлеуметтік желілерде таралатын «жеңіл ақша» туралы хабарламаларға сақ болу керектігін ескертіп, кез келген күмәнді жағдай байқалса, бірден тиісті органдарға хабарласуға кеңес береді.







