Ерекше баланы қатарластары аяусыз соққыға жыққан
Астанада сөйлеу және психикалық дамуында кідірісі бар оқушыны қатарластары соққыға жыққан. Бұл туралы баланың анасы мәлімдеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Halyqstan Телеграм-арнасының жазуынша, әйел сабақтан шыққан ұлын мектеп оқушылары күтіп алып, шабуыл жасағанын айтқан.
Анасының айтуынша, оқиға алдында жасөспірімдер баладан «Сен кімсің?» деп сұраған. Бала әзілдеп жауап бергеннен кейін олар оны ұрып-соққанды жөн көрген.
Сондай-ақ кей оқушылар болған жағдайды телефонға түсіріп, күліп тұрғаны айтылады.
Астана қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелгенін хабарлаған.
Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңес өткізіліп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы мен оқушылардың тәртібін бақылауды күшейту мәселесі талқыланған.
Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Анасы әлеуметтік желідегі қолданушыларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан.







