"Бар дүниесін қызына берген": Өнертанушы қазақ салтына сай қызды қалай ұзату керегін айтып берді

304
Қазақтың ұлттық танымын зерттеп, дәріптеп жүрген ақын-өнертанушы Ұларбек Нұрғалымұлы қыз ұзатуға қатысты халық жадында ұмытылып бара жатқан кей әдет-ғұрыптарды еске салды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Ұларбек Нұрғалымұлы Tenshe YouTube арнасына берген сұхбатында жалпы қазақ дәстүріндегі қыздың орнына тоқталған. Ол тарихта ұзатылып бара жатқан қызға қандай құрмет көрсетілетіні жөнінде өзі білетін мағлұматтарды айтты.

"Қазақ қызының қадірі деген бөлек әңгіме. Шын мәнінде қазақ тапқан дүниесін қызына берген екен. Оның бүкіл дәлел-дәйегі бар. Оның бәрі салт-дәстүрде тұр. Кеңес үкіметі кезінде әйел теңсіздігі біржақты айтылып кетті де, қызды малға сатқан деген сипатта сөз болды. Мен қалыңмалды жоққа шығармайтын едім. "Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" деген сөз бар. Қыз ұзатылғанда оның бір кәдесі жасалуы керек. Ол қолынан жетектеп кете беретін көшеде жүрген адам емес, ол далада жатқан түйме емес, тауып алып тағып алатын. Қандай да бір дүниені қымбатқа алсаңыз, соншалықты қадірлейсіз ғой, бұл да сол секілді нәрсе. Оны алу үшін де жігіт дүние-мал жинап, тырысуы керек", - дейді Ұларбек Нұрғалымұлы.

Осы орайда ол қазақ танымындағы қыз ұзату дәстүріне қатысты бірнеше әдет-ғұрыпға тоқталып, оның мағынасына үңілді.

"Қазақ қызы ұзатыларда беретін жасауы бар. Одан бөлек қыз ұзатылар кезде "танысу" деген салт бар. Ол туралы Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесінде де жазылған. Ол дәстүрдің неге "танысу" деп аталғанын білмеймін. Бірақ ол Алтайдың арғы бетіндегі қазақтарда бертінге дейін сақталған.

Ұзатылар қыз бір ай бұрын қасына 3-4 құрбысын ертіп, үйіндегі ең керемет атты мініп, өмілдірік-құйысқанын төгілдіріп, жаңа киімін киіп, туыстарын аралап, қыдыратын болған. Әр үйге қонған. Жол-жөнекей ұзатыларда айтатын сыңсуын жаттайды. Бауыр-қарындастарына беретін естелік, бет орамал, шілтерлерін тоқып жүреді.

Әр үй қыз қонғанда оның не қалайтынын біліп, қызды еркелетіп, барлық жағдайын жасап, сұрағанының бәрін тауып береді. Қыз әр үйден қалағанын алады, оны жасауына қосады. Сөйтіп, ұзатылатын кезде өзінің жаңа киімдерін маңайындағы құрбыларына таратады.

Қызға қоралы қойымен бірге басқа да мал-мүлкін алдына салып береді. Бұл туралы қазақ әдебиетінен Мағаз Разданұлының "Алтайдың ақиықтары" романынан Қара Оспанның қызына қандай жасау бергенін мысалға келтірсек болады. Онда қоралы қой, үйір жылқы, табын сиыр, 70 нарға жүгін артқан деп жазылады. Жасауы толық болмаса, қызды жалаңаш келгендей болыпты деп сөгеді. Негізі қыз жасауы қалыңмалынан асып кетеді. Керек десеңіз, сол қыз жат жұртқа үйреніп кеткенше (3-4 жыл) жанында көмекшісі болсын деп адам қосып беретін. Айналасындағы көрші-қолаң, жоқ-жітіктің қызын бірге жіберетін
", - дейді ол.


Сондай-ақ, өнертанушы бұрын қыз төркіндеп келгенде оған қандай сый-құрмет көрсеткені жөнінде де білгенін бөлісті.


"Қыз төркіндеп келгенде оған туыстары, жақындары жоқ дегенде бір-бір қара (ірі қара мал – ред.) береді. Жиен дүниеге келген соң, оған берілетін "қырық серкеші" тағы бар. Жиен келе жатса, әдетте қазақ үйдегі өзіне ыстық, қымбат затын тығып қоятын. Өйткені оны жиен сұрап қалса, қолын қайтаруға болмайды. Осының барлығы кеткен қыздың беделін асырып отырады", - дейді ол.


 Ұларбек Нұрғалымның сөзінше, қазақ танымында ұлды бөлек отауға шығарғанда он қой, құлынды бие, боталы түйесімен шығарса, қызға берілетін дүние тоқтаусыз болған.

 
"Қазақ бар дүниесін қызға арнаған. Сол дәстүрді ұстануымыз керек", - дейді салт-дәстүрді дәріптеуші.