Қызылорда облысында мектеп асханасынан тамақтанған бір топ оқушы уланып қалды

314

Қазалы ауданына қарасты Кәукей ауылындағы №225 орта мектеп оқушылары арасында тағамнан улану дерегі анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 



Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.


Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 2023 жылдың 29  наурызында сағат 17:28-де Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының Қызылқұм дәрігерлік амбулаториясынан №225 орта мектеп оқушылары арасында «Тағам токсикоинфекциясы» диагнозымен топтасқан тағамнан улану жағдайының тіркелуі туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. 


Науқастар 29-наурызда №225 орта мектептің асханасынан сағат 09:35 шамасында тамақтанып, 1 сағаттан кейін мектептің медицина қызметкеріне 3 оқушы іш ауыруына шағымданған. Әрі қарай медицина қызметкері сыныптарға барып, қалған оқушылардың жағдайын сұрау барысында олардың да іштері ауырып, мазасызданып тұрғандарын анықтаған. 


Мектептің медицина қызметкері науқастарды елді мекендегі «Қызылқұм» дәрігерлік амбулаториясына жолдап, онда емхананың меңгерушісі балаларды тексеріп, оларға «Тағам токсикоинфекциясы» диагнозы қойылған.


«Тағамнан уланғандар саны 25. Барлығы 14 жасқа дейінгі 1-5 сынып оқушылары, оның ішінде Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылғандар саны - 21, амбулаторлық ем тағайындалғандар саны - 4. Қазалы аудандық көпбейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне түскен кезде ауруға шалдыққан балалардың денсаулық жағдайы орташа ауыр, жалпы интоксикациялық және ішектік диспепсиялық белгілері болған. Оқушылар арасында ауыр ағымдағы және жансақтау бөліміне ауыстырылғандар болған жоқ. Ауруханада науқастарға тиісті ем тағайындалып, жағдайларының жақсаруына байланысты 2023 жылғы 30 наурызда ата-аналарының қолхатымен барлық науқас ауруханадан үйіне шығарылып, емін амбулаториялық жағдайда жалғастырды», - делінген ақпаратта.


2023 жылғы 29 наурызда «Қазалы  ауданы бойынша мектеп оқушыларының тағамнан улану ауруының алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы» Қазалы ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №1 қаулысы шығарылып, тағамнан улану жағдайы бойынша мүдделі органдарға тиісті ақпараттар мен тапсырмалар берілді.


Қазалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы  бойынша филиалының Қазалы аудандық бөлімшесімен бірлескен бұйрығымен жұмысшы топ құрылып, ауру ошағында санитариялық-эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.


2023 жылғы 29 наурызда санавияциямен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан инфекционист дәрігер мен Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы ошақта індетке қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізді.   


Санитариялық-эпидемиологиялық зерттеу барысында бактериологиялық зерттеулерге 120 жұғынды, 1 су, 7 тамақ үлгісі, асхана қызметкерлерінен патогенді микрофлораға тамақ, мұрын қуыстарынан жұғынды және ректальды сынамалар алынып, зерттеу жүргізілуде. Бүгінгі  күнге бактериологиялық зерттеуге алынған сынамалардың нақтыланған қорытынды нәтижелері жұмыс үстінде. Қазалы ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулыларымен мектеп асханасының аспазы мен аспаз көмекшісі және мектеп мейірбикесі медициналық байқаудан өтпеуіне байланысты жұмыстан уақытша шеттетілді.