Алматы облысында полицей әріптесін табельдік қарумен жаралады
Алматы облысының Райымбек ауданында полиция қызметкері жанжал барысында әріптесін табельдік тапаншамен жарақаттады. Бұл жайтқа қатысты облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев пікір білдірді.
Оқыс жағдай туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тараған.
Жазба авторының мәліметінше, 27 сәуірде Райымбек аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері арасында жанжал туындаған. Қызметкерлердің бірі мас күйде болуы мүмкін. Салдарынан ол табельдік қарумен әріптесін жаралаған.
Зардап шеккен қызметкер ауруханаға жеткізілген.
"Полиция инспекторы әрі лейтенанты Е., мас күйде өзге полиция инспекторынан табельдік қаруын тартып алып, учаскелік полиция қызметкері Ж-ның оң аяғынан атқан", - делінген хабарламада.
Кейін белгілі болғандай, оқиға орнына жедел түрде Алматы облысы полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев келіп жеткен.
Ол бұл факті бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасы "Адам өлтіруге оқталу" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Аудандық полицияның екі қызметкері арасындағы жанжал жеке бас араздығына байланысты туындаған. Салдарынан табельдік қарудан атылған оқтан жамбас тұсынан жарақат алған учаскелік инспекторлардың бірі Нарынқол ауылындағы ауруханаға жеткізілді.
Жағдайы қанағаттанарлық. Қызметте жіберілген олқылықтар үшін және жеке құрамдағы бақылауды дұрыс атқармағаны үшін аудандық полиция бөлімінің сыртқы қызметтерге жауапты бірінші орынбасарын қызметінен босаттым. Сондай-ақ, әріптестер арасындағы жанжал кезінде қасында болған қызметкерлер де жұмыстан шығарылды. Бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді Күдебаев.