Арал ауданы әкімдігінің қызметкері 8 жастағы бүлдіршінді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

1 653

© Sputnik / Владислав ВодневАрал ауданы әкімдігінің қызметкері 8 жастағы бүлдіршінді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Куәгерлердің сөзінше, ол көлікті масаң күйінде жүргізген. Дегенмен келтірілген дәйектерге қарамастан жол апатына себепкер жауапкершілікке әлі тартылмапты. 


"Мен далаға шыққанда әлгі көлік енді жылдамдық жинай бастаған. Артынан қуып жететіндей астымда көлік те  болмады. Дегенмен көлік нөмері есімде қалды. Полицияға бар көргенімді айтып, қызымды ауруханаға жеткіздім. Біраз уақыт өткен соң көлік табылды деген хабар да жетті", - дейді зардап шеккен қыздың әкесі Болатбек Каденов.


Күдікті баланы басып кетсе де, дым болмағандай дүкенге барып ішімдік сатып алған. Десе де түскен арызға қатысты күдікті ұсталса да, полиция қызметкерлері бұл деректі тіркеуге асықпаған. Себебі әкімдік қызметкері қазіргі таңда жұмыс орнында екені белгілі болды.

"Оқиға орын алғаны жайында естідік. Мемлекеттік қызмет лауазымындағы тұлға емес, штаттан тыс қызметкер. Қазіргі таңда жұмыс орнында отыр. Видеодағы сол кісі екені рас. Бірақ бала қаққан жоқпын дейді. Енді оны полиция қызметкерлері анықтай жатар.", - деді аудан әкімдігінің өкілі.


Масаң күйде көлік басқарған жан көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 - тәулікке қамауға алынушы еді. Ал, әкімдік қызметкеріне қатысты Арал ауданы полиция бөлімі заң аясында әрекет етпеуінің сыры неде? Қосымша ақпарат жарияланатын болады. 

"Аталған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша кәмелетке толмаған У.А алған дене жарақаты бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.