Қазақстандықтардың құжаттарын жасанды интеллект рәсімдей алады
2026 жылы eGov жүйесінде құжаттарды дауыспен алуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылады. Барлық рәсімді жасанды интеллект атқарады,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мемлекет Қазақстан халқының күнделікті өмірінде қалай ЖИ қолданатынын айтып берді.
Оның айтуынша, қазақстандықтар өз өтінішін дауыстап айтады, ал AlemGPT деп аталатын ЖИ-агент қажетті нұсқаларды өзі таңдап, тіпті рәсімдеуді де жүргізеді.
Дмитрий Мун eGov Mobile қосымшасындағы ЖИ-кеңесшінің қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді қазақ және орыс тілдерінде түсінуге көмектескенін мақтанып айтты. Онлайн-нотариус видео режимінде шамамен 19 мың мәміле жүргізді, ал ЖИ-терапевт ел бойынша 38 клиникада сынақтан өтіп жатыр.







