"Қазақстанды мүгедектерге ыңғайлы ету үшін 9 трлн теңге керек" - депутат

101

Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар азаматтарға әуе компаниялары жеңілдік жасауы керектігін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.


Депутат Ерлан Әбдиев әлеуметтік желідегі парақшасында еліміздегі әуе компаниялары мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдік жасалмайтыны көрсетілген видео жариялады.


Депутат әуежай кассасына барып, Air Astana, Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air әуекомпаниясынан билет бағасы бойынша қандай жеңілдік қарастырылғанын сұраған. Алайда тек SCAT компаниясы ғана мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік барын, оны тек онлайн режимде алуға болатынын айтқан.


Әбдиевтің айтуынша, депутат мандатын алған екі айда екі депутаттық сауал жолдаған. Екеуі де мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдағы орны мен әуе билетінің бағасына қатысты болған.


Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға әуе билетін жеңілдікпен сату деген жоқ. Осыған байланысты 12 сәуірде премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдадым. 4 пункт ұсынып отырмыз, - дейді депутат Ерлан Әбдиев.


Олар:

  • мүгедектігі бар адамдарға жылына бір рет ұшу-қайту билетін 100% жеңілдікпен, яғни тегін беру;
  • ел ішіндегі басқа рейстерге 50% жеңілдік беру;
  • мүгедектігі бар балаларға үнемі тегін ұшуды қамтамасыз ету;
  • еріп жүретін адамға 50% жеңілдік беру.


«Неге бір рет тегін ұшуға жағдай жасалуы қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Мүгедектігі бар азаматтың құжатында санаторий-курорттық емдеуге баратыны жазылған. Мұндай мекеменің көпшілігі Түркістан облысында, оның ішінде Сарыағаш ауданында орналасқан. Батыс Қазақстанда тұратын азаматтар ұшақпен жеткенді дұрыс көреді. Алайда ұшақ бағасы 80 мың теңгеге дейін барады. Бірінші топтағы мүгедектегі бар адамдардың ең жоғары жәрдемақысы – 78 мың теңге», - дейді Ерлан Әбдиев.


Депутат әр пойызда мүгедектігі бар бір адамға ғана орын қарастырылғанын, сол себепті ұшақпен қатынау тиімді әрі жылдам болатынын айтып өтті.


"Тасымалдың үш түрі бар десек, автокөлікпен қалалар арасында қатынау қиын. Автобустарда арбадағы адамдардың отыруы мүмкін емес. Ал пойызда кей бағытта ғана арнайы орын болады. Ішінде екі орын болады. Бірі – арбадағы мүгедектігі бар адамға, екіншісі жанында ілесіп жүретін адамға арналған. Ал пойызға сұраныс көп. Билет алайын десек, үнемі орын жоқ. Ол жердегі тағы бір мәселе – ол орынды мүгедектігі бар кез келген адам ала береді. ІІ не ІІІ топтағы екеніне қарамайды. Ал арнайы орын арбада отыратын адамдарға арналған", - дейді депутат.


Ал пойыздың басқа вагонында арбада отыратын адамға жағдай жасалмаған. Ал әуежайларда арбадағы азаматқа барлық жағдай жасалған.


«Физиологиялық қажеттіліктерге байланысты бізге А нүктесінен B нүктесіне тез жету маңызды. Шұғыл ота жасату керек болады. (...) Депутаттық сауалға жауап келді. Ол жерде 3 компанияның қазір қандай жеңілдік ұсынып отырғаны жазылған. SCAT әуекомпаниясында біз айтқан ұсыныстың 90%-ы бар екен. Бір рет ұшу тегін екені, әрі қарай 50% жеңілдік бар және мүгедектігі бар балаларға да жеңілдік қарастырылған деген. Qazaq Air мұндай сұрақты жекелей қарастырамыз деп жауап берген. Ол жерде мүгедектігі бар екенін дәлелдеу сияқты жұмысы бар. Оның да қолжетімді емес екені көрінді. Air Astana мүгедектігі бар адамдарға қатысты жауап бермеген. Тек ардагерлерге, кей балаға жеңілдік барын жазған», - дейді Мәжіліс депутаты.


SCAT талабы бойынша жеңілдік алу үшін мүгедектігі бар адамның жанына бір кісі ілесіп жүруі керек.


Ал ілесіп жүретін адамға билет құны – екі билеттің бағасына тең. Әуежайда арбада отырған баланы көрдім. Ата-анасы 6 күн бұрын SCAT-қа хабарласып, қандай жеңілдік барын біліп, бағаны есептеткен. Билет құны Ақтөбе – Астана бағытына 61 мың теңге шыққан. Билет сататын басқа сайтта билет құны екі адамға 40 мың теңге болған. Бұл жерде жеңілдік емес, керісінше жағдай. Ал компания мұны бағаның өзгермеуімен байланыстырып отыр. Демек, билеттің қай күні сатып алынғанына қарамастан оның құны өзгермейді, - дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев.


Дәл осы тұста тағы бір мәселе туындайды. SCAT жеңілдік ұсынғанымен, 18 жасқа толған адамның еркін жүріп-тұруына шектеу қояды.


Мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенция бар. Оның ішінде ешкімге тәуелді болмауы туралы пункт бар, компания өзі ұсынып отырған жеңілдік соған қайшы келеді, - дейді Әбдиев.


Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында әуе және темір жол көлігімен тасымалдаудағы тарифтерді қалыптастыру туралы, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін билет бағасы талқыланды.


«Бұл мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты болуы керек. Склярдың депутаттық сауалға жауабында «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тапсырма берілді» деп жазылған. Алайда ол министрлік тасымалды жүзеге асырмайды. Бұл мәселені Индустрия министрлігі өзі-ақ шешетін мүмкіндігі бар. «Қазақстан темір жолының» ережесіне енгізіп берді, дәл солай авиаға да енгізіп қоюы керек. Ал SCAT жеңілдікті ішкі қаулы бойынша істеп жатыр. Ол – уақытша шара. Себебі қаулы күші 31 желтоқсанда жойылады. Әуе компаниялары «заңда көрсетілмеген» деп құтылып кетеді», - дейді Әбдиев.


Ал заңды өзгерту үшін Мәжілісте азаматтарды тасымалдауға қатысты қаралып жатқан заң жобасы болуы керек. Сонда жаңа пункт қосу туралы ұсыныс айтуға болады. Алайда дәл қазір мұндай заң жобасы қаралып жатқан жоқ.


...78 мың теңге жәрдемақы аламын. Сонда бір бағытқа ұшуға бір айлық жәрдемақы кетеді. Баға өте қымбат болмауы керек, - дейді ол.


Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар азаматтарға жәрдемақы төлеу мәселесін көтеріп, қызметтің қолжетімді болуы ұмыт қалғанын айтады.


Заңнамада ғимараттар ыңғайлы болуы керек деп физикалық ортаны айта береді. Бірақ қарым-қатынас кезіндегі қиындық туралы айтпаймыз, - дейді депутат.


Сондай-ақ Әбдиев ел бойынша мүгедектігі бар 53 мың адам тұрғын үй алуға кезекте тұрғанын, оларға арнайы тұрғын үй бағдарламасы қажет екенін айтты.