Қазақстан бір парадқа қанша теңге жұмсап келгені белгілі болды
253
Қазақстан әскери парадқа 4 миллиард теңгеден астам ақша жұмсап келген. Бұл туралы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс кулуарында министр Қарулы күштердің 30 жылдығы құрметіне биыл неге әскери парад өтпейтінін түсіндірді. Жақсылықовтың айтуынша, қазір Қазақстанның Қарулы күштері алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет.
"Біз жуырда ғана оқу-жаттығуларды аяқтадық. Не маңыздырақ – оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлікті көтеру ме, жоқ әлде, парад ұйымдастыру ма? Аталған жағдайда Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмаларын орындауды ескеріп, дәл қазіргі кезеңде жауынгерлік әзірлік пен Қарулы күштерді дайындауға көңіл бөлу ақылға қонымды шешім деп санаймыз", - деді министр.
Ол Жеңіс күніне жоспарланған, яғни соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары жоспарға сай өткізілетінін нақтылады. Сонымен қатар, ардагерлерге әкімдік тарапынан төлемдер беріледі. Осы орайда журналистер бір парадқа бюджеттен қанша теңге бөлініп келгенін сұрады.
"Бір парадқа орташа есеппен 4 миллиард теңгеден астам ақша жұмсалды"
Сондай-ақ ол Қазақстан парад өткізуден мүлде бас тартпайтынын атап өтті.
"Парад – бұл патриоттық сезімді көрсетудің бір түрі. Бұған дейін пандемия болғанын білесіздер, шеру өткізуге қажеттілік болмады. Ал қазір біз жауынгерлік әзірлікті көтерумен айналысып жатырмыз. Келесі жылы, экономикалық жағдай түзелгенде, біз парадты өткіземіз", - деді қорғаныс министрі.