Екі қолы жоқ жігіттің жары: "Үйдегілердің қатты қарсылығына қарамадым"
615
Қаскелеңдік Ажар Тұрсынованы батыр келіншек деп атауға болады. Ол небәрі 16 жасында екі қолы жоқ жігіттің ұсынысын қабылдап, тұрмысқа шыққан,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде үш баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілер арқылы көпті сүйсіндіріп жүр. Өз парақшаларында түрлі видеолар мен өмірдегі оқиғаларын бөлісіп отырады.
Отағасы Азамат Оразбек 7 жасар кезінде екі қолынан айырылған. Ауыл балаларымен ойнап жүрген олардан малын іздеп шыққан әжей көмек сұрапты. Сол кезде трансформатор үстіне шығып, өрістен келе жатқан малды биіктен қараймын деген Азаматты тоқ соғады. Бұл сәтте жауын да себелеп жауып тұрған екен. Дәрігерлер бір қолын иығынан, екіншісі шынтақтан ампутациялаған.
Ажар Тұрсынова жолдасымен 2014 жылы танысқан. Небәрі 16 жасында тұрмысқа шыққан. Жігіті оны алып қашқан екен. Бұл екі жастың ортақ шешімі болған. Өйткені жігіттің екі қолы жоқтығын көрген қыздың туыстары баталарын бермей қояды деп қорқыпты. Алып қашып кеткен соң Ажардың бұл шешіміне әпкелері расымен де "ертең қиналасың" деп қарсы шыққан.
"Құрбым тұрмысқа шығып, соның үйіне қонаққа барған болатынмын. Азамат оның күйеуінің досы екен. Осылайша танысып, көп ұзамай өзі хабарласты. Кейін Instagram, Вконтакте арқылы байланысып жүрді. 2015 жылы шаңырақ көтердік. Ол кезде жасым небәрі 16-да. Үйдегілер қарсы болады деп екеуара келісіп, мені алып қашты. Қуғыншы боп келген туыстарым "Неге мұндай таңдау жасадың? Ертең өзің қиналасың" деп жылап тұрып ескертті. Бірақ мен өмірімді Азаматсыз елестете алмадым", — деді ол.
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне биыл — 7 жыл. Екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр. Үш баланың анасы тұрмысқа шыққан соң алғашында қиналатын шығармын деген қорқыныштың болғанын жасырмайды.
"Әпкелерім тұрмысқа шыққанда "Екі адамның жұмысын істеуіңе тура келеді. Үйдің еркегі де өзің боласың" деп айтқан еді. Алғашында қиналатын шығармын деген ой да болды. Бірақ, Аллаға шүкір, жолдасымның өмірге деген құштарлығы ерекше. Ол "Менің қолым жоқ, ештеңе істей алмаймын" деп отырған емес. Қолымнан келмейді дегенін көрмеппін. Өзі параспортшы. Үстел теннисімен, жүзумен айналысады. Түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Ән де айтады. Екеуміз карантинге дейін тойларға шығып, өнер көрсетіп жүрдік. Күйеуім үйдің тірегі, қорғаушысы да, асыраушысы да", — деді ерекше жанның жары.
Той демекші, әлеуметтік желілерде ерлі-зайыптылардың тойда ән айтқан сәтінің видеосы пайда болды. Бейнежазбаны көргендер олардың махаббатына тәнті болып, бақыт тіледі.
Ажардың айтуынша, желіде тараған видео осыдан бір ай бұрын қайын інісінің тойында түсірілген. Ол желі қолданушылары арасында түрлі пікір қалдырып, аяушылық танытатындар көптеп кездесетінін алға тартты.
"Тілектерін жазып жататындар баршылық. Әрине, олардың барлығына рахметімді айтамын. Күйеуімді өзіміз секілді он екі мүшесі сау адам ретінде көремін. Кей адамдар бар ғой, қол-аяғы сау болса да өмірге түңіліп жүреді. Жолдасым ондай емес. Оның бәрі жан дүниесінің тазалығы, өмірге деген құштарлығының арқасында деп білемін. Күйеуінің екі қолы жоқ деп маған өзгелер аяушылық танытпаса екен деймін. Аллаға шүкір, шынымен бақытты әйелмін. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз", — дейді Ажар.
Үш баланың анасы күйеуі тіпті тамақ та әзірлей алатынын айтты.
"Оны өзім жақында білдім (күліп). Былтыр жазда қызымды емханаға алып барған едім. Ұзын-сонар кезек боп, кештетіп бір-ақ қайттық үйге. Азамат екі баламен үйде қалған. Кешкі астың қамына кірісіп жатқанмын. Қазанды ашып қалсам, еті де, картобы да әдемі боп қуырылған кәдімгі қуырдақ тұр. Шошып кетіп, күйеуімнен сұрадым. Өзі жасаған екен. "Сен менің қолымнан не келетінін білмейді екенсің ғой" деп жауап берді ол", — дейді Ажар.
Сұхбат барысында үш баланың анасынан қызықты оқиғасын да сұрап білдік. Өзінің айтуынша, тұрмысқа шығарда жігіті оны такси ұстап, алып қашыпты. Сол күнді әлі күнге дейін еске алып, күліп алады екен.
Ерлі-зайыптылар бүгінде Алматы облысының Қаскелең қаласында халықтан жиналған ақшаға сатып алынған 4 бөлмелі пәтерде тұрады.
Айта кетейік, отағасы бүгінде 27-де. Қызылорда облысынның тумасы. 23 жастағы Ажар Тұрсынова — Шығыс Қазақстан өңірінің қызы.