Ақтауда "қызымды ұрламақ болды" деген әйелдің айтқан ұрысы мұғалім болып шықты
307
Ақтауда мектептің даярлық сыныбынан шыққан баласын белгісіз біреу көлігіне отырғызып алып кетпек болды деп дабыл қаққан әйелдің көрген "ұрысы" мектеп мұғалімі екені белгілі болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Осылайша баласы үшін жұртты әбігерге салған ана артынан кешірім сұрауға мәжбүр болды.
Ақтаудың 13-ықшамаудандағы №17 мектептің даярлық сыныбынан шыққан алты жасар қызын алып кетуге кешігіп жеткен әйел "сұмдық жағдай болды" деп әлеуметтік желіде дабыл қақты.
"Қызымды мектептен алуға 9 жасар ұлым келетін еді. Мен бүгін жиналыстан ерте шығып, қызымды алуға өзім келдім. Мектепте апайы сабақ бітті, шығып кетті деп айтты. Мектептің айналасына көз жүгіртсем, бір көліктің жанында менің қызымның сумкасын танып қалдым. Ал бір әйел адам қызымды көлікке шақырып жатыр дейді. Бар дауысыммен қызымның атын шыңғырып айтып едім, көлік қызымды тастап, 24-үйді айналып кетіп қалды", — деді ол.
Оның мәлімдеуінше, қызы қасына бір әйелдің келіп, "атың кім? Жүр, үйіңе апарамын" дегенін айтқан көрінеді.
Ал Маңғыстау облыстық облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері осы жағдайды тексере келе қауіпті ештеңе болмағанын анықтады.
Тек ресми ақпараттарға сенулеріңізді сұраймыз және халық арасында жағдайды ушықтырмас үшін тексерілмеген ақпараттарды таратпауға шақырамыз,— деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Жергілікті белсенді Бибігүл Рамазанның жазуынша, кішкентай қызды "алып кетпек болған" көлік иесі аталған мектептің мұғалімі болып шықты. Жұмысы аяқталып, үйіне кетіп бара жатқан кезде көлігінің жанында 6 жасар қыздың ойнап жүргенін көрген. Кішкентай қыз сол сәтте "сөмкемді алып беріңізші, жанында мысық тұр, қорқамын!" деп айтқан. Мұғалім болса, кішкентай қыздың сөмкесін алып беріп, өз жұмысымен асығыс кетіп қалғанын айтқан.
Ал шу шыққан соң облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің де басшылары мәселені жіті тексеріп, қауіпті ештеңе болмағанына көз жеткізді. Күтпеген жерден шу шығарған алты жасар қыздың анасы соңынан қатесін түсініп, байбалам салғаны үшін көпшіліктен кешірім сұраған.