«Балам өзі шығып, шырылдап жылап жіберді»: әйел таксиде босанды
Ақтөбе облысында перзентханаға бара жатқан әйел такси ішінде босанып қалды. Оқиға 2 қараша күні таңертең болған. Сәбиін ауруханаға жетпей дүниеге әкелген Назерке Ғылымова әлеуметтік желіде сол сәтте басынан өткен жағдайды баяндап, такси жүргізушісі мен жедел жәрдем қызметкерлеріне алғыс айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Назерке Ғылымованың айтуынша, бұл оның үшінші босануы. Бұған дейінгі екі жүктілігі кезінде ол босану мерзімінен асып жүретін болған, сондықтан бұл жолы да сәбиінің дәл белгіленген уақытта дүниеге келетінін күтпеген. Ол босанудың болжамды мерзімі 1–3 қараша аралығына сәйкес келгенін айтты. Ол перзентханаға қажетті заттарын 1 қарашада ғана жинап қойған. Сол түні толғақ басталғанымен, бастапқыда ауырсыну қатты болмаған.
«Қалаға кіргенде толғақ күшейіп, балам дүниеге келді»
Назеркенің айтуынша, түнде толғақ арасы бірде 7, бірде 9, кейде 12 минут болған. Таңға жуық ол дәрігерге қаралуды ұйғарған. Ол бірден ауруханаға бармай, алдымен балаларын балабақша мен мектепке дайындаған.
Таңертеңгі сағат сегіздер шамасында балаларын апарып, кейін алдын ала шақырған таксиге отырған. Ол ауылдан Ақтөбе қаласына жету үшін шамамен 15–20 минут жол жүру керек екенін айтты. Жолға шыққаннан кейін толғағы жиілеп, ауырсынуы күшейе бастаған. Дегенмен әйел діттеген перзентханасына жетіп алуды ойлап, жедел жәрдем шақырмаған.
«Ауылдан шыққаннан бастап толғағым күшейді. Екі орта 15–20 минуттық жол. Жедел жәрдем басқа ауруханаға алып кетер деп қорқып, шыдай тұрайын дедім. Қалаға кірген кезде күшену басталды. Қатты шошып кеттім. Бір кезде балам өзі дүниеге келіп, шырылдап жылап жіберді», – деп жазды Назерке Ғылымова.
Оның айтуынша, такси жүргізушісі жолаушысын перзентханаға тезірек жеткізуге тырысқан, алайда көліктің артқы орындығынан жаңа туған нәрестенің жылаған даусы естілгенде, ер адам абдырап қалған.
«Ағай жолға қарап, барынша тез жеткізуге тырысып келе жатты. Баланың дауысын естігенде жалт қарап, шошып кетті. Ал мен не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Баламды бауырыма басайын десем, жолдасы әлі түспеген. Сосын ағайға: «Асықпаңыз, бәрі жақсы» деп өзімше жұбатып қоямын», – деп еске алды әйел.
Жедел жәрдем қызметкерлері ана мен сәбиге көмек көрсетті
Назерке Ғылымова сәбиін таңғы сағат 08:30 шамасында дүниеге әкелгенін айтты.
Ол бірден жедел жәрдем қызметіне қайта хабарласып, жағдайын түсіндірген. Диспетчер көлікті тоқтатуды сұрап, медициналық бригада келгенге дейін байланысты үзбеген. Әйелдің сөзінше, диспетчер баланың жылаған-жыламағанын, анасында қан кету белгілерінің бар-жоғын сұрап, көліктің тұрған жері мен мемлекеттік нөмірін нақтылаған. Осы уақытта такси жүргізушісі жол жиегіне шығып, жедел жәрдем көлігін қарсы алған.
«Ағай жолдың бойына шығып, оларға қол бұлғап жүгірді. Мен балам тоңып қалмасын деп қолымдағы орамалмен жауып отырдым. Жедел жәрдем тез келді. Жігіттер бірден көмектесіп, баланың жолдасын шығарып, қажетті медициналық шараларды жасады», – деді ол.
Оқиға орнына №29 жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері Әли мен Роман келген. Олар ана мен сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін екеуін жедел жәрдем көлігіне ауыстырған.
Назеркенің айтуынша, ол бастапқыда Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталыққа баруды жоспарлаған6 алайда медициналық қызметкерлер ана мен нәрестені жақын орналасқан медициналық мекемеге жеткізген. Ауруханаға келген соң дәрігерлер әйелді тексеріп, жаңа туған сәбидің жағдайын бақылауға алған.
Назерке нәрестенің салмағы 3550 грамм, бойы 52 сантиметр екенін айтты. Сондай-ақ, ол босанғаннан кейін дәрігерлер баланың тоңып қалғанын айтып, оны жылы орап, медициналық бақылауға алғанын жеткізді. Кейін неонатолог нәрестені анасының кеудесіне жатқызуды ұсынған.
«Алғысым шексіз»
Назерке Ғылымова әлеуметтік желідегі жазбасында қиын сәтте жанынан табылған адамдарға ерекше алғыс айтты. Әсіресе Бестамақ ауылының тұрғыны, такси жүргізушісі Рысқали есімді азаматтың көмегін атап өтті.
«Бестамақ ауылының тұрғыны Рысқали ағайға алғысым шексіз. Алла разы болсын, жол амандығын берсін. Көрер қызығы көп болсын», – деп жазды ол.
Ол жедел жәрдем қызметкерлері Әли мен Романның жауапкершілігі мен кәсіби көмегіне ризашылығын білдірді. Жазба астында пікір қалдырғандардың бірі оқиға кезінде телефон арқылы байланыста болып, медициналық бригаданы дереу жіберген диспетчердің де есімін атады.
«Бөпеңіздің бауы берік болсын! Сіз хабарласқаннан бастап телефон тұтқасын қоймай, бригаданы бірден жіберіп, жедел жәрдем келгенге дейін сөйлесіп, қолдау көрсеткен диспетчер – Балауса Қойшыбайқызы. Өте жауапты, пысық әріптесім», – деп жазды желі қолданушысы.
Әлеуметтік желі оқырмандары ана мен сәбиге жылы лебіздерін білдіріп, құттықтауларын жаудырды.
«Бауы берік болсын! Басының бес елі бағы бар бала болсын. Енді «Сені таксиде босандым» деп айтып жүретін болдыңыз ғой», – деп әзілдеген пікір иелерінің бірі.
Назерке Ғылымова күтпеген жерден болған оқиғаны өміріндегі ұмытылмас естелік ретінде сақтағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдай әр босанудың өзіндік ерекшелігі болатынын тағы бір мәрте көрсеткен. Қазіргі уақытта ана мен сәби медициналық бақылауда. Назерке әлеуметтік желідегі жазбасында босанғаннан кейін демалып, өз-өзіне келгенін жеткізді.
Қаз
Рус






