Ақылы жолдан түскен қаржы мемлекеттің қарызын жабады
Қазақстанда ақылы жолдан жиналған ақшаның бір бөлігі енді үкіметтің қарызын жабуға жұмсалуы мүмкін, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақылы тас жолдардан түсетін табыс мемлекет бұрын жол салуға алған несиелердің пайызын өтеуге бағытталмақ. Бастаманы Қаржы министрлігі көтерді.
“Қазір билік автомобиль жолдары туралы заңға түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл өзгерістер ақылы жолдардан түскен қаражатты тек сол жол учаскелерін күтіп ұстауға ғана емес, сондай-ақ жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу үшін мемлекет алған қарыздарды өтеуге де пайдалануға мүмкіндік береді”, – дейді жауапты мамандар.
Елімізде биыл ақылы жолдардан 100 миллиард теңге көлемінде қаржы жиналмақ. Жүргізушілер төлейтін ақшаны республикалық және халықаралық маңызы бар, бірақ ақылы жүйеге кірмейтін өзге автомобиль жолдарын салуға жұмсау қарастырылып жатыр. "Қазавтожол" компаниясы 2025 жылы ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналғанын мәлімдеген еді. Ресми дерек бойынша, ол қаржы жолдарды күтіп ұстауға кеткен.







