Министрлер, әкімдер мен депутаттар халық үніне құлақ асуы керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі" атты халықаралық форумда сөз сөйлеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Сөз басында Тоқаев іс-шараға қатысу үшін Астанаға келген мәртебелі қонақтарға алғыс айтқан. Ол форум күн тәртібі бойынша маңызды ойлар мен нақты ұсыныстар айтылғанын, үкімет алдағы жұмысында оларды ескеруі қажет екенін атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыра бастағанын алға тартты. Президент ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналатынын айтқан.
Президент бұл маңызды жұмысқа барлық деңгейдегі билік өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер мен депутаттар белсенді қатысуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – мемлекеттік қызметкерлердің конституциялық міндеті.
Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды.
Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата заңына арқау болған басты құндылық”, – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды.
Ол қоғам мен мемлекет арасында диалогтың мүлде жаңа форматы қалыптасқанын еске салған.
Президенттің айтуынша, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және қоғамдық пікірді ескеруге кең мүмкіндік берген.







