«Біздің отбасымызда ондай табыс жоқ»: депутат Айжан Темірбаева жәрдемақыдан бас тартпайтынын айтты

2 510

Фото: meta.edu.kzҚұрылтай депутаты Айжан Темірбаева әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындаудағы жаңа тәсілдерге қатысты пікір білдіріп, өзінің де алдағы уақытта жәрдемақыдан бас тартпайтынын айтты. Бұл туралы ол Alash Orda-ға берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, қазір әлеуметтік қолдаудың 14 санаты қарастырылып жатыр. Оның сөзінше, өзгерістер азаматтарды А, Б, С және Д санаттарына бөлуге байланысты.

Темірбаева бұл ретте отбасының табысы мен мүліктік жағдайын бағалау үшін «Отбасының цифрлық картасы» пайдаланылатынын айтты. Оның сөзінше, жүйеде азаматтардың табысы, мүлкі, тіпті көлігіне дейін ескеріледі.

«А және Б категориядағы адамдар жәрдемақыға мұқтаж емес деп есептеледі. Ал С, Д деген категория – сіздер сияқты, біздер сияқты қарапайым адамдар. Бір адамға шаққандағы табыс 375 мың теңгеден аспауы керек. Мысалы, отбасында төрт адам болса, табысы шамамен 1,5 млн теңгеден аспауы керек», – деді депутат.

Журналист одан өзінің әлеуметтік жәрдемақыдан бас тартуға дайын немесе дайын еместігін сұрады.

Темірбаеваның айтуынша, 2024 жылы декретке шыққан кезде оның айлығы 400 мың теңгеге жуық, ал күйеуінің жалақысы шамамен 250 мың теңге болған. Сол кезде отбасының жиынтық табысы 600 мың теңгеден сәл асқан.

«Қазір отбасымызда төрт адамбыз. Бәрін есептесек, табыс 1,3–1,4 млн теңгеден астам болуы керек. Біздің отбасымызда ондай табыс жоқ. Сондықтан келешекте бас тартпаймын», – деді Айжан Темірбаева.

Сұхбат барысында ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қатысты мәселе де көтерілді. Журналист үйі немесе тұрақты табысы бар мұндай отбасылар жәрдемақыдан айырылып қалуы мүмкін деген алаңдаушылық барын айтып, ерекше баланы күтіп-бағуға кететін шығындардың көптігін Үкімет неге ескермейді деп сұрады.

Депутат бұл мәселеге қатысты нақты тетіктер әзірге толық түсіндірілмегенін жеткізді.

«Қазір 1 қаңтарға дейін Үкіметке тапсырма берілді. Олар сол уақытқа дейін барлық тетікті сіздерге де, біздерге де түсіндіреді. Менің ойымша, сіз айтқан жағдай да қарастырылуы мүмкін. Сондықтан кішкене күтейік», – деді ол.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.