«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мақсаты не?

310
Кеше құрылған «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы өзінің алғашқы жұмыс нәтижесін 10 күнде көрсетпек,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы Ассамблея атынан сайланған депутат Наталья Дементьева брифингте мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, топ алдағы уақытта аймақтарға шығып, жедел шешілуі тиіс түйткілдерге қанығып қайтады.

Жалпы, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының миссиясы – әр түрлі фракциядағы халық қалаулыларын бейтарап, партиялық емес жоба арқылы топтастыру. Осылайша, халықтың мүддесі үшін күш біріктіру. Тақауда ғана бекіткен жарғыға сәйкес, депутаттық топқа үш тең төраға жетекшілік етпек. Олардың қатарында Наталья Дементьевадан бөлек, Еділ Жаңбыршин және Айдос Сарым бар.

Айта кетерлігі, үшеуі де «Нұр Отан» партиясының өкілі. Айдос Сарымның сөзінше, «бейтарап топ парламентке кірмеген партиялар, жеке партия болғысы келетін саяси күштер мен дәстүрлі партияларды мойындамайтын топтармен бірлесе жұмыс істеуі тиіс».

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз қазір қарулы күштер туралы, полиция туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы заңдарды күтіп отырмыз. Ал Үкіметтің кейбір уәждеріне қарайтын болсаңыз, оны «жазда береміз» дейді. Ал оған дейін бізде құқық реформасы жүрмеуі керек пе? Армияны күшейтудің керегі жоқ па деген сияқты көптеген мәселе бар. Сондай дүниелерді бәлкім осы «Жаңа Қазақстан» тобы арқылы белсенді түрде талап етіп, Парламентте трибунаға шығарғымыз келіп отыр.