Смайылов көктемгі су тасқынын алдын-алуда бірқатар тапсырма берді

354
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ұзақ уақыттан бері су тасқынына қарсы жүйелі шаралар қабылданбай келгенін атап өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 Премьер-министр көктемгі су тасқынының алдын-алу үшін министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді.


"Наурыз айы қалыпты нормадан жылы болады деген болжам бар. Демек, қардың күрт еруінен бірқатар өңірдегі жағдай қиындап кетуі мүмкін. Кейбір аймақтардағы жағдай жыл сайын қайталанады. Бұл бірінші кезекте төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік арасындағы жауапкершілікті бір-біріне сілтеу мәселесіне қатысты болып отыр", - деді Смайылов үкімет отырысында.


Үкімет басшысы су тасқынының алдын алу және одан келетін шығындарды азайту әкімдіктердің жүйелі жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.


"Қазір су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр, бірақ ұзақ уақыттан бері жүйелі шаралар қабылданбай келді, мұны мойындау қажет. Соның ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мәселелері әлі шешімін таппай отыр. Қараусыз қалған бөгеттер мен су қоймаларының иелерін анықтау жұмысы аяқталған жоқ", - деді премьер-министр.

Осыған байланысты Смайылов әкімдер мен министрлерге тапсырма берді. Сонымен қатар, су қоймаларының қауіпсіз көлемін белгілеп, оларды толтыруды тұрақты бақылауға алған жөн. Қажет болса алдын ала қауіп болмайтындай, суды жіберіп отыру қажет. Қазгидромет мемлекеттік органдарға ауа райы болжамын уақтылы беріп тұруға тиістігін атап өтті.

Бұдан бөлек, индустрия министрлігі мен әкімдіктерге су тасығанда жолдардың, көпірлер мен бөгеттердің дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Трансшекаралық өзендердегі жағдай туралы көршілес мемлекеттермен өзара мәлімет алмасу, өңірлерде жедел штабтар құру, тасқын қаупі туындаса, халықты уақытылы хабардар ету тапсырылды.