Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға сапарын кейінге шегерді
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің Қазақстанға сапары және "Орталық Азия – Италия" бірінші саммиті кейінге қалдырылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Италия тарапының өтініші бойынша сапар мен саммиттің жаңа мерзімдері келісіліп жатыр.
Бұған дейін Ақорда Джорджа Мелонидің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 26-27 сәуір күндері Қазақстанға ресми сапармен келетінін хабарлаған болатын. Кездесу барысында тараптар қазақ-итальян стратегиялық әріптестігін дамытудың келешегін талқылауды жоспарлаған.
"Орталық Азия – Италия" алғашқы саммиті 27 сәуірде өтеді деп жоспарланған еді.