Қоғамдық бақылау туралы заңнама парламентте талқылануда

548
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров: қазіргі таңда елімізде 102 кеңес құрылды. Одан бөлек, тағы 111 кеңес құру жұмысы  талқыланып жатыр деді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Бізді ауқымды іс күтіп тұр. Президент, Парламент, саяси партиялар, сот және құқық қорғау органдарының негізгі құзыреті қайта қаралады. Бізді суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республикаға өту күтіп тұр. Біздің министрлікке келсек, Қоғамдық кеңестің құрамын жаңартып, министрліктің қызметін жетілдіре түсу жұмысы жалғасын табады. Қазіргі таңда елімізде 102 кеңес құрылды. Одан бөлек, тағы 111 кеңес құру қаралып жатыр. Жаңа кеңестерді құруда үкіметтік емес ұйым, партия және азаматтық институттардың өкілдері кеңінен тартылуда. Биыл алғаш рет Қазақстанда қоғамдық кеңес қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірленеді», - деді Данияр Қадыров

Вице-министрдің айтуынша, Қоғамдық кеңестердің жұмысына талдау жасалып, оның болашақ дамуы зерделенбек.
 
«Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын жоспарлауды мемлекеттік тапсырыс жүйесі арқылы жүзеге асыру қаралады. Келелі мәселелерді шешуде құзырлы органдармен бірге қоғам белсенділері тартылады. Әр шешім бойынша тиянақты талдау жасалады. Одан бөлек, Парламент қабырғасында қоғамдық бақылау туралы заңнама талқыланып жатыр. Ол заң мемлекет пен азаматтар арасында жаңа принципті қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.