Қызылордада берілген уәделердің 96%-ы орындалған

335
Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттық фракциясының  отырысы өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Онда «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық және облыстық Жол карталардың 2021 жылға орындалуы және биылғы І тоқсандағы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалды.

Жалпы Сайлауалды бағдарламалар тұрғындар ұсыныстарын ескере отырып, аймақтың экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы осы Жол картаны іске асыру бойынша жұмыс органы болып саналады. Осы орайда Сайлауалды бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі жобалаушы топтың жетекшісі Нұрғали Қорбадай атқарылған жұмыстар мен қаралған қаржылар бойынша хабарлама жасады.

Жобалау тобы жетекшісінің айтуынша, 2021 жылы Жол картаның іс-шараларын жүзеге асыруға  барлығы 105,5 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 31,7 млрд теңгесі облыстық, 73,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Ал биылға  Жол карта іс-шараларын орындау мақсатында, барлығы 109,1 млрд теңге қаржы қаралған. Оның  27,4 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, қалған 81,9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қаралған. Биылғы жылы Жол картаның тармақтары аясында өңірімізде білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау объектілерімен қоса ауылдарды жаңғырту мақсатында Қызылорда облысының 25 елді мекенінде 32 инвестициялық жоба іске асырылады.

Сайлауалды бағдарламаның 2021 жылы жүзеге асырылуына жүргізілген талдау, жол картаның жақсы деңгейде орындалғанын көрсетеді. Бұл туралы облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ләйлә Төрешова атап өтті.

«Партияның облыстық, қалалық және 7 аудандық Жол карталарында өткен жылға  717 іс-шара межеленіп, олардың 688-і яғни, 96,0% орындалды. Мысалға ірілерін атап айтар болсақ, Қызылорда қаласында табақ шыны өндіру және өңдеу зауыты,  Жаңақорғанда темір-бетон құбырлары мен керамзиттен құрылыс материалдарын өндіру зауыттары, Шиелі, Тереңөзек кенттерінде  құрама жем өндіру зауыттары, Арал ауданында  кварц құмын байыту жөніндегі тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Білім, денсаулық салалары бойынша тоқталар болсақ, облыста 1,5 мың орындық 5 мектеп, 480 орындық 3 балабақша, студенттер үшін 2 жаңа жатақхана, 5 медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар 45 мыңнан астам халқы бар 5 елді мекен газдандырылып, 2 елді мекенге ауыз су желісі жүргізілді. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласының су және кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді фракция жетекшісі.

Жиында жол картаның орындалу барысында ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер де көтерілді. Өткен жылғы жоспардағы шаралар биыл да жалғасып жатыр. Аталған шаралардың мерзімінде іске қосылмау жағдайларына фракция жетекішісі ерекше тоқталып, биыл қайталанбауын жауапты сала мамандары мен фракция мүшелері қатаң бақылауға алуы қажеттігін алға тартты.

«Өткен жылы инвестордың болмауынан немесе бас тартуына байланысты «Қорқыт Ата» әуежайын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары, қаржылардың толық аударылмауына байланысты Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы, пандемия салдарынан туындаған шектеулерге байланысты Қармақшы ауданындағы құс фабрикасын салу сонымен бірге, құрылыс жұмыстарының әлсіз қарқынына байланысты Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде аудандық емхананың құрылысы секілді жоспарланған бірқатар іс шара биыл жалғасып жатыр. Енді биылғы І тоқсан қорытындысымен орындалуына келер болсақ, Жол карталарда барлығы 869 іс-шара жоспарланған. Оның бүгінгі күнге 17 пайызы орындалды. 70%-ы орындалып жатыр және орындалмау қаупі бар іс-шаралар да анықталып отыр. Біріншіден биыл да осындай олқылықтар қайталанбас үшін және бұл шаралардың осы жылы толық аяқталуына қалалық, аудандық әріптестерімізбен бірге жұмыс жүргізуіміз қажет»,-  деді Л. Төрешова.

Жиында сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес депутаттар рейтингісі туралы мәселе қаралып, фракция мүшелеріне жұмысты күшейту туралы нақты бағыт-бағдар берілді.