Қазақстанда вице-президент қызметі қайта енгізілгелі жатыр. Алайда қоғамда бұл лауазымға кімнің тағайындалатыны, оның нақты қандай өкілетке ие болатыны және болашақта мемлекет басшысының мұрагері санала ма деген сұрақтар қызу талқыланып жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Вице-президент институтының қалай жұмыс істейтіні, бұл қызметке қандай талаптар қойылатыны және ықтимал кандидатқа қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Осы мәселелерге саясаттанушылар мен сарапшылар өз көзқарасын білдірді.
Саясаттану ғылымдарының докторы Есенжол Әлияровтың пікірінше, вице-президент – мемлекеттегі екінші маңызды тұлға. Сондықтан бұл қызметке тағайындалатын адам жоғары сенімге ие болуы үшін халықтың өзі сайлауы қажет.
“Вице-президент – мемлекет басшысына қандай да бір жағдай болған кезде оның міндетін атқаратын тұлға. Демек ол президенттің ықтимал мұрагері. Сондықтан толық легитимді болуы үшін вице-президентті де халық сайлағаны дұрыс деп есептеймін”, – дейді Әлияров.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл кандидаттарды мұқият іріктеуге мүмкіндік береді. Оның үстіне төтенше жағдайда билік сабақтастығын қамтамасыз етеді дейді саясаттанушы.
“АҚШ тәжірибесінде президент қызметін жалғастыра алмай қалған жағдайда кезектен тыс сайлау өткізілмейді. Вице-президент ант қабылдап, келесі сайлауға дейін мемлекет басшысының міндетін атқара береді. Қазақстан үшін де мұндай модель тиімді болар еді”, – деді саясаттанушы.
Әлияровтың пікірінше, вице-президент лауазымына басқарушылық тәжірибесі мол, экономиканы жақсы білетін әрі халықаралық деңгейде жұмыс істей алатын тұлға келуі керек.
“Бұл қызметке өңірлерді басқару тәжірибесі бар, экономиканы, нақты өндірісті жетік білетін, бірнеше шет тілін меңгерген, білімі жоғары адам тағайындалғаны жөн”, – дейді ол.
Сарапшы мемлекеттік қызметкердің жеке беделі мен адалдығы да шешуші рөл атқаратынын айтты.
“Елді басқаратын адам заңды бұлжытпай орындауы керек. Оның сыбайлас жемқорлыққа, кландық тартыстарға немесе күмәнді мәмілелерге қатысы болмауы тиіс. Егер саясаткердің отбасы кәсіппен айналысса, ол бизнес толықтай ашық әрі қоғамға түсінікті болуы қажет”, – деді Әлияров.
Қазір қоғамда айтылып жүрген кандидаттардың есіміне қатысты Әлияров нақты болжам жасауға ерте екенін айтты.
“Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қарин есімдері аталып жатыр. Бірақ мұның бәрі тек болжам. Нақты кімнің таңдалатынын ешкім білмейді. Бұрын да мұндай болжамдар көп болған. Десе де сол кездегі жорамалдардың басым бөлігі шындыққа жанасқан жоқ”, – деді сарапшы.
Сонымен қатар ол вице-президентті халықтың өзі сайлауы қажет деген пікірін тағы да қайталады.
“Қазіргі Конституция бойынша вице-президентті президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Вице-президент президентпен бірге бір сайлауда халықтың дауысымен сайлануы керек”, – дейді саясаттанушы.
Әлияровтың пікірінше, вице-президент қызметін енгізудің негізгі мақсаты төтенше жағдайда мемлекеттік биліктің тұрақтылығын сақтау.
“Бұл институттың басты міндеті – форс-мажор жағдайда билік үшін таласқа жол бермеу. Вице-президент қызметі мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өтпелі кезеңдегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған”, – деді Есенжол Әлияров.
“Бұл қызметке қазіргі билікке қауіп төндірмейтін адам сайлануы мүмкін”
Саяси сарапшы Серік Белгібаевтың сөзінше, вице-президент қызметіне қатысты айтылып жүрген кандидаттардың есім нақты дерекке емес, түрлі болжамдарға негізделген.
“Қазір айтылып жатқан есімдер жәй жорамал ғана. Қазақстанның саяси жүйесі өте жабық. Маңызды шешімдер тар аяда қабылданады. Сондықтан нақты ақпаратқа сүйенбей қандай да бір кандидатты атаудың мәні жоқ. Вице-президенттің кім болатыны ресми тағайындаудан немесе нақты саяси белгілер пайда болған кезде ғана белгілі болады”, – дейді сарапшы.
Белгібаевтың сөзінше, вице-президенттің нақты өкілеті әзірге анықталмаған. Оның қандай міндет атқаратынын президенттің өзі белгілейді.
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, вице-президенттің міндеттері президенттің шешімімен айқындалады. Сондықтан бұл лауазымға тағайындалған адамның нақты қызметі мен оны атқаратын адамның есімі жаңарған парламенттің алғашқы отырысынан кейін белгілі болуы мүмкін”, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, вице-президент лауазымының қайта енгізілуін билік транзитіне дайындық деп біржақты бағалауға болмайды.
“Бұл міндетті түрде президенттің мұрагерін дайындау деген сөз емес. Соңғы жылдары мемлекет басшысы жауапкершіліктің бір бөлігін бөлісуге дайын екенін көрсеткен белгілер болды. Алайда қазіргі жағдайда вице-президент қызметінің енгізілуі нақты мұрагерді анықтау емес, белгілі бір өкілеттерді бөлісуге деген ниетті білдіруі мүмкін”, – дейді Белгібаев.
Сонымен қатар ол президенттің Біріккен ұлттар ұйымына қызметке ауысуы туралы болжамдардың шындыққа жанаспайтынын айтты.
“Президенттің БҰҰ-ға кететіні туралы әңгімелердің жүзеге асу ықтималдығы өте төмен. Бұған халықаралық ұйымдағы сайлау рәсімдерінің ерекшелігі де, президенттің Қазақстандағы саяси процестермен тығыз байланысы да әсер етеді”, – деді саяси сарапшы.
Белгібаевтың айтуынша, егер вице-президент болашақ президент ретінде қарастырылмаса, онда бұл қызметке ең алдымен қазіргі билікке қауіп төндірмейтін, жеке саяси амбициясы жоқ әрі билік үшін таласқа түспейтін адам тағайындалуы мүмкін.
“Мұндай адамның жеке саяси амбициясы, жоғарғы билікке ұмтылысы немесе қоғамда жоғары беделі болмауы керек. Ең бастысы ол қазіргі жүйе үшін қауіпсіз кандидат болуы тиіс”, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы кадрлық саясаттың ерекшелігіне байланысты вице-президенттің қай саладан келгені шешуші рөл атқармайды.
“Біздің жүйеде адамның мамандығы немесе бұрын қай салада жұмыс істегені екінші кезекте тұрады. Бұған дейін де бір адамның әртүрлі салаларды басқарғанын көрдік. Сондықтан вице-президент болып президент сенім білдірген кез келген адам тағайындалуы мүмкін”, – деді Серік Белгібаев.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновскийдің айтуынша, енді енгізілетін вице-президенттің мәртебесі 1993 жылғы Конституцияда көзделген вице-президент институтынан түбегейлі ерекшеленеді. Ол бұрын вице-президент мемлекет басшысымен бірге сайланғанын, ал қазір бұл қызмет президентке тікелей бағынатынын айтты.
“1993 жылы жарияланған Конституция бойынша вице-президент президентпен бірге сайланатын және мемлекет басшысы оны өз қалауымен қызметінен босата алмайтын. Ал 1995 жылы Жоғарғы Кеңес таратылған соң Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер енгізіп, тәуелсіз вице-президент институтын алып тастады. Бұл сол кездегі билік жүргізу тәсіліне сай келді. Өйткені тұңғыш президент билікті ешкіммен бөліскісі келмеді”, – дейді саясаттанушы.
Ковтуновскийдің сөзінше, қазіргі вице-президент бұрынғыдай дербес саяси тұлға емес.
“Қазіргі вице-президент, шын мәнінде, президенттің ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі іспетті. Оның негізгі міндеті – мемлекет басшысы қандай да бір себеппен өз өкілетін жүзеге асыра алмаған жағдайда, оны уақытша алмастыру”, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, авторитарлық мемлекеттердің көпшілігінде мұндай лауазым мүлде болмайды.
“Өйткені вице-президент ықтимал билік ауысуы немесе төңкеріс кезінде негізгі пайда көрушіге айналуы мүмкін. Сондықтан оның айналасына қазіргі билікке көңілі толмайтын күштер еріксіз топтасады”, – деді Виктор Ковтуновский.