Кінәң жоқ болса, салық төлемеуге болады
Қазақстанда алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарға қатысты салық жеңілдігін енгізу мәселесі қаралып жатыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, алаяқтық жолмен рәсімделген несие есептен шығарылған жағдайда, азаматтарды жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден толық босату ұсынылды.
Қазір қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, банк кешірген немесе есептен шығарған қарыз сомасы азаматтың табысы ретінде есептеледі. Сондықтан қарызы кешірілген адам осы сомадан жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Салықтан босату тек заңда көрсетілген жекелеген жағдайларға қатысты қолданылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтық жолмен рәсімделген және қайтарылуы екіталай несиелер есептен шығарылған жағдайда азаматтарды жеке табыс салығын төлеуден босатуды ұсынды. Бұл мәселе жобалық кеңсе отырысында талқыланды. Вице-премьер Серік Жұманғарин мұндай жағдайда азаматтың кінәсі жоқ болса, оның жағдайын банктің коммерциялық тәуекелінен бөлек қарау қажет екенін айтты.
Оның айтуынша, алаяқтықтан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған азаматтар қарызы кешірілген жағдайда жеке табыс салығын төлемеуі тиіс.
“Бұл мәселеде мемлекеттің ұстанымы анық. Алайда банк өз балансын оңтайландыру үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерінен автоматты түрде айырылмауы керек. Сондықтан бұл мәселеде теңгерімді тәсіл қажет”, – деді Жұманғарин.
Отырыста “қиын өмірлік жағдай” ұғымына нақты өлшемдер енгізу керегі де айтылды. Алдын ала ұсыныстарға сәйкес, оған мүгедектік, еңбекке қабілетінен айырылу, мүлік пен табыстың болмауы сияқты жағдайлар кіруі мүмкін.
Вице-премьер уәкілетті мемлекеттік органдарға қаржы агенттігімен бірлесіп, тиісті есептеулер жүргізуді тапсырды. Оған қоса “қиын өмірлік жағдай” критерийлерінің толық тізімін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынды. Келісілген ұсыныстар келесі отырыста қаралады.
Сонымен қатар жиында борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтқа салық салу тәртібі талқыланды.
Қолданыстағы нормаға сәйкес, дисконт сыйақы ретінде қарастырылады. Алайда бағалы қағаз өтелген кезде ол іс жүзінде құн өсімі ретінде есептеледі. Үкімет бұл жағдай салық салуда қайшылық туғызатынын айтты.
Осыған байланысты Салық кодексінің 378-бабын (Сыйақылар түріндегі кіріс) қайта қарап, бағалы қағаз өтелген кезде дисконтты борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы құрамында қалдыру ұсынылды. Бұл купон мен дисконттан түсетін табысқа салық салудың бірыңғай тәсілін қалыптастырып, инвесторлар үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысында қатысушылар борыштық құралдардан түсетін табысқа салық салуда бірыңғай тәсіл қажет деген пікірге келіп, Салық кодексі жобасындағы тиісті нормаларды нақтылауға келісті.
Қаз
Рус






