Елімізде бензин бағасы 13%-ға қымбаттаған

2 513

Биыл қаңтар-тамыз қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,4 млн тонна бензин өндірілді, бұл былтырғыдан 5,4%-ға көп, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Өңірлер бойынша Шымкент дәстүрлі түрде ең көп бензин өндірді: 1,3 млн тонна, бір жылда 8,2% азайған. Үздік үштікке Атырау (1,2 млн тонна, 30,4% көбейген) және Павлодар (980,4 мың тонна, 0,6% көбейген) облыстары кірді. Жалпы, 2022 жылы елімізде бензин өндірісі 5 млн тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,1% көбейді. 


Биыл қыркүйекте бензин бағасы былтырғымен салыстырғанда 13,4%-ға өсті. Оның ішінде АИ-98 — 11,7%, АИ-92 — 12,8%, АИ-95/АИ-96 — 16,8% қымбаттады. АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы — 203 теңге, АИ-95/АИ-96 — 249 теңге, АИ-98 — 261 теңге болды.  Бензин бағасы ең көп қымбаттаған өңір - Алматы: былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 15% қымбаттаған. Одан кейін Алматы облысы және Қарағанды облысы: тиісінше 14,4% және 14,3% қымбаттаған.


РФ-дағы ықтимал қымбаттауды қоспағанда, бензин бағасының көтерілуіне алғышарт жоқ, деп хабарлады zakon.kz. Қазір Қазақстанда сұраныс пен тұтыну теңгерілді, мұнай өнімдерінің қажетті қоры қалыптасты: дизель отыны — шамамен бір айға, АИ-92 және АИ-95 бензині 25 күнге жетеді. Мұнай өнімдерінің осы түрлерін өндіруді ескере отырып, тапшылық күтілмейді.


Биыл 13 қазандағы жағдай бойынша, әлемдегі ең арзан бензин Египетте: литріне 0,32 АҚШ доллары. Одан кейін Алжир (0,32 АҚШ доллары) және Кувейт (0,34 АҚШ доллары). Қазақстанда бензин литрі 0,46 АҚШ доллары, тиісінше бесінші орында. ТМД елдерінің ішінде ең арзан бензин Қазақстанда. Ресей әлем бойынша бензин арзандығынан жетінші орында: 0,53 АҚШ доллары.


Әзербайжанда бір литр бензин 0,62 АҚШ доллары, Беларусьте — 0,75 АҚШ доллары, Өзбекстанда — 0,89 АҚШ доллары, Арменияда — 1,2 АҚШ доллары, Украинада* — 1,44 АҚШ доллары.


Ең қымбат бензин Гонконгта (2,88 АҚШ доллары), Финляндияда (2,23 АҚШ доллары) және Грекияда (2,14 АҚШ доллары).