Қазақстан Қытайға экспортты арттырмақ
Әлихан Смайылов пен Қытайдың Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Лин У сауда-экономика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесін талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы көлемінің 6% астамы Шаньдунға тиесілі екенін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан өз өнімдерін Қытай нарығына одан әрі ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастыруға мүдделі. Осыны ескере отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көлік әлеуетін дамыту және өзара іс-қимылды тереңдету ерекше өзекті.
"Бір күн бұрын Алматыда Қазақстан арпасын ҚХР-ға жеткізу үшін «Қытай–Еуропа» бағыты бойынша алғашқы кері бағыттағы пойыздың іске қосылуы осыған ықпал ететін болады. Біз осы бағыт арқылы Қазақстан өнімдерін жеткізуді арттыруға және жеткізілетін тауарлар мен қызмет түрлерін кеңейтуге дайынбыз", - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Астанада Шаньдун провинциясымен ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай форумын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
"Бұл іс-шара біздің іскер топтарымыз арасындағы өнімді сауда-инвестициялық өзара қарым-қатынастарды кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз", - деді ол.
Өз кезегінде Лин У Шаньдун провинциясы мен Қазақстан өңірлері арасында өнімді ынтымақтастық орнағанын атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сауда және логистикалық инфрақұрылым құрылысы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту бойынша үлкен әлеует бар.
"Бұл жолы бізбен бірге Шаньдун провинциясынан аталған салалардағы 100-ден астам кәсіпорынның өкілдері келді. Біз бірқатар бірлескен сауда-экономикалық жобаларға қол қоямыз деп отырмыз. Ортақ күш-жігердің арқасында болашақтағы ынтымақтастығымыз кеңейетініне сенімдіміз. Біз кәсіпорындарымыз арасындағы серіктестікті тереңдетіп, бірлескен жобаларды көбірек жүзеге асыруға дайынбыз", - деді Лин У.
Шаньдун провинциясы Қытайдың шығыс жағалауында орналасқан ауылшаруашылық өндірісі бойынша маңызды аймақ. Мұнда бидай, мақта, жержаңғақ, темекі, дәнді дақылдар және т.б. өсіріледі. Шаньдун – елдің негізгі бау-бақша және егістік аймақтарының бірі, су өнімдері мен тұт піллесін өсірудің жетекші орталықтары.
2022 жылғы желтоқсанда «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР-дың ірі порт операторы «Шаньдун порт тобы» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның шеңберінде мультимодальды контейнерлік қызметтер мен ілеспе цифрлық өнімдерді дамыту жөнінде уағдаласты.