Машина жасау саласын дамытуда инжинирингтік орталықтардың рөлі артып келеді
Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында сөйлеген сөзінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев саланы дамытудың басым бағыттарын және оның ел экономикасындағы маңызын атап өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы аясында саладағы негізгі бағыттар мен даму басымдықтары талқыланды. Жиында инжинирингтік орталықтарды дамыту өндірісті толық жолға қоюдың және бәсекеге қабілетті өнім шығарудың басты тетіктерінің бірі ретінде белгіленді. Машина жасау саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды фактор ретінде қарастырылуда. Қазіргі таңда бұл сала өңдеуші өнеркәсіптің құрамдас бөлігі ғана емес, экономиканың дербес әрі стратегиялық маңызды бағытына айналып отыр.
Сала экономиканың өнеркәсіптік әлеуетіне тікелей әсер етеді. Алдағы кезеңде жаңа жобалар, соның ішінде энергетика бағытындағы бастамалар қолға алынып, отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін арттыруға басымдық беріледі. Бұл жұмыстар тәжірибесі мол компаниялармен және нарық қатысушыларымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бүгінде машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Ол өңдеуші өнеркәсіп көлемінің шамамен 20 пайызын құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 6 трлн теңгеге жуықтап, өсім 18 пайызға жетті. Ел аумағында 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп, онда 130 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Форум барысында саладағы өзекті мәселелер көтеріліп, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жолдары қарастырылды. Жаңа конституциялық талаптардың өнеркәсіп саласына әсері де талқыға түсті.







