Көктемгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінбек

428
Елімізде көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілуіне 413 мың тонна дизель отыны бөлінетін болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Дизель отынының тапшылығын, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарының біркелкі жүктемесін болдырмау үшін дизель отынын жеткізу ақпан айынан бастап кесте бойынша біркелкі жүргізіледі.

Энергетика министрлігі ақпан айына дизель отынының кепілдік берілген көлемінің құнын МӨЗ-ден тоннасына 222 мың теңге деңгейінде айқындады. Жеткізу бойынша шығыстарды ескере отырып, қазақстандық шаруалар үшін жанармайдың түпкілікті құны жанармай құю станцияларының нарықтық бағасынан 15-20%-ға арзан болады деп күтіліп отыр.

Дизель отынын жеткізу кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, өңірлерге МӨЗ-ден жөнелту кестесінің сақталуына күнделікті мониторинг жүргізетін болады.

2023 жылы облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, болжамды егіс алқаптары былтырғы көрсеткіштермен бірдей болады және 23 млн гектардан асады. Алдын ала кем дегенде 18 мың га қант қызылшасымен себіледі. Сондай-ақ көкөніс, бақша және күріш дақылдарының өсуі күтілуде.