Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі екі айда 830 млн долларға жетті
Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігіне жетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, жыл басынан бері екі айда елдің сыртқы сауда айналымы 11,6 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артқан. Қаңтар–ақпан айларында Өзбекстан әлемнің 160 мемлекетімен сауда байланысын жүргізген. Негізгі сауда серіктестері арасында Қытай көш бастап тұр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 3,1 млрд доллардан асып, жалпы көлемнің 27,5%-ын құраған. Ресей екінші орында - бұл елмен сауда көлемі 2,1 млрд доллардан жоғары болып, үлесі 18,3%-ға жеткен.
Ал алғашқы үштікке Қазақстан енді. Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 837,5 млн доллардан асып, жалпы көрсеткіштің 7,2%-ын құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 177,1 млн долларға көп. Есепті кезеңде Өзбекстан 160,4 млн доллар көлемінде экспорт жасап, импорт 677 млн доллардан асқан. Бүгін Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Бұған дейін қаңтар айында екі ел арасындағы тауар айналымы 400 млн доллардан асқаны хабарланған еді. Жыл басынан бері екі ай ішінде 380 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға барған.







