Қазақстан инновациялық даму бойынша әлемдік рейтингіде 79-орында тұр
Қазақстан инновациялық даму көрсеткіштері бойынша әлемдік рейтингіде 132 елдің арасында 79-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz ресурсына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының зерттеулеріне сәйкес, былтыр 28,2 мың компанияның тек 3 мыңы ғана инновациялық технолоияларды қолданатыны анықталған. Осылайша, Қазақстанның инновация саласындағы белсенділік деңгейі – 10,5 пайызды құрады.
Оның ішінде ел бойынша жоғары көрсеткіштер елордада байқалған. Бас қалада инновациялық белсенділік дәрежесі 13,5 пайыз деңгейінде. Одан кейін Қарағанды (13%) және Ақтөбе (12,5%) облыстары тұр. Инновациялық технологияларды енгізудегі ең нашар көрсеткіш – Павлодар облысында. Онда компаниялардың бұл саладағы белсенділігі 5,2 пайыз ғана.
Ал жалпы әлемдік рейтингіде Швейцария, Швеция және АҚШ көш бастап тұр. ТМД елдерінің арасындағы көрсеткіштер бойынша, Қазақстан Ресей, Украина, Беларусь, Молдова және Армениядан кейінгі орында. Рейтейнгіде біздің елден кейін Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан тұр.