Елде киім импорты қысқарды
Биыл сыртқы киім өнімдердің импорты 24%, яғни 5,5 мың тоннаға дейін азайған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Әдетте сыртқы киімді Қытай, Мьянма, Индонезия, Италия және Ұлыбританиядан аламыз. Киім-кешек демекші, Түркия мен Қытай импорты біршама төмендеген. Жалпы алғашқы жарты жылда елге 85 мың тонна шетелдік киім жеткізіліпті. Бұл былтырғы кезеңнен 14% аз. Бас-аяғы 702 млн долларға киім-кешек импорттадық. Оның басым бөлігі Өзбекстан, Қытай және Түркиядан жеткен. Кәсіпорындардың дені тігінмен айналысады Елде жеңіл өнеркәсіппен 1400 кәсіпорын айналысады. 97%-тен астамы шағын ошақтар. Кәсіпорындардың басым бөлігі тігінмен, тоқыма және киім өндірісіне бағытталған. Қазір елде өндірісті арттыру, инвестиция тарту, әлемдiк тәжiрибенi енгiзіп, экспортты дамыту бойынша жол картасы іске асып жатыр. Биыл 300 мың тонна мақта жиналады Түркістан – елдегі мақта өсіретін жалғыз өңір. 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық шаруа еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға дақыл егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Мақта сапасын жақсарту мақсатында биыл 2,5 мың гектар алқапқа жаңа тәсіл енгізілген. Ал мақта талшығын 3 кәсіпорын ғана терең өңдейді. Қайта өңделген өнім көлемі 18%-тен аспайды. Былтыр мақта шаруашылығы мен мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы бекітілген. Оның аясында егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, 9 мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Қазір аймақта ҚХР және Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223 млрд теңгеден асатын 2 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.
Отандық мақтаның сапасы артады Түркістан облысының Сауран ауданында бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Осылайша экспорттық бағаға тәуелділіктен арылу көзделеді. Себебі саладағы негізгі түйіткіл – оның тұрақсыздығы. Әрі отандық мақта талшығының сапасы төмен. Бұл әлемдік нарықтағы сұранысқа әсер етіп отыр. Олқылықтың орнын толтыру үшін шаруалар жаңа технологияны қолдана бастады. Тың әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Ал тамшылатып суарудың нәтижесінде өнімділік 2,5 есе артады. Осы мақтаны терең өңдейтін көпсалалы кешендер мен кәсіпорындар құру жоспары бар. Дайын өнімді экспортқа шығарады. Бұған қоса, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы тоқыма бұйымдарын өндіру көзделеді. Қазірдің өзінде отандық мақта мен мақта өнімдері Түркия, Қытай, Ресей мен Беларуське экспортталады.