Президенттің әкімдерді қызметінен босату құзыреті Конституциядан алынады – Ерлан Қарин
449
ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Youtube арнасына жарияланған референдум туралы бейнероликте сауалдарға кеңінен жауап берді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Ерлан Қариннің айтуынша, аталған түзетулердің арқасында әкімдердің дербестігі артады.
«Облыс әкімдерін тағайындаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Әкімдерді өңірдегі бүкіл мәслихат депутаттарының келісімі бойынша баламалы негізде тағайындау ұсынылып отыр. Бұл қалай жұмыс істейді? Президент облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімінің лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынуға міндетті. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының бәрі осы үміткерлерден таңдау жасайды. Әкімдікке лайықты кандидат депутаттардың жалпы дауыс беруі нәтижесінде тағайындалады. Яғни, әкімшілік сенім білдірген азамат әкім болады», – деді Мемлекеттік хатшы.
Ерлан Қариннің айтуынша, аталған түзетулердің арқасында әкімдердің дербестігі артады.
«Қазір ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайды. Бұл тұрақты үрдіске айналды. Енді аудан және қала әкімдерін сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдерін депутаттар дауыс беру арқылы баламалы негізде сайлайтынын бұған дейін айттық. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауыл әкімдерін лауазымынан босату құзыретін Конституциядан алып тастау ұсынылады. Тіпті Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімдерінің актілерін толығымен немесе ішінара жою, тоқтату құзыретін де алып тастау ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде әкімдер барынша дербес жұмыс істейді, тұрғындардың мүддесіне басымдық береді», - деді ол.