Президент ақпараттық қауіпсіздікті дамыту туралы заңға қол қойды
714
Тоқаев ақпараттық қауіпсіздікті дамыту туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Айта кетейік, бұған дейін - маусымның соңына таман Сенат осы құжатты қабылдағанын жазған болатынбыз. Заң мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау, электронды құжаттарды қолдану аясын кеңейту және деректерді басқару жүйесін институционализациялау мақсатында әзірленген.Одан әрі цифрландыру және реинжиниринг арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, сондай-ақ цифрлық құжаттар сервисін қолдану аясын кеңейтуге, электронды құжаттардың олардың қағаздағы ұқсастықтарымен тең дәрежелелігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметіне қарағанда, азаматтық хал актілерін (тууы, неке және т.б.) мемлекеттік тіркеу саласында куәліктерді электронды форматқа көшіру бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, анықтама қағаз нұсқада, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылатын электрондық нысанда берілетін болады. «Байланыс туралы» Заң аясында байланыс операторы Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілген елді мекендер мен аумақтарды көрсетілетін байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны, сондай-ақ радиожиілік спектрін бір жыл ішінде пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.