Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары

516

Фото: Ақорда прессҚазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары орта мерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады және ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Мемлекет басшысы 2017 жылдың басында жариялаған елдің Үшінші жаңғыру процестерін іске қосады және жеделдетілген сапалы экономикалық өсу мен елдегі өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын алмастырады, ол жаһандық қаржы дағдарысының салдарын бәсеңдетті және экономиканың әртараптандырылған тұрақты өсуіне көшуді жеделдетті. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспардың негізгі міндеттері мен нысаналы индикаторлары орындалды, қалғандары мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлар арқылы іске асырылуда.
2025 жылға дейінгі негізгі мақсат – адамдардың әл-ауқатын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне көтеруге алып келетін экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуына қол жеткізу.
Экономиканың сапалы өсуі бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, сондай-ақ адамның табиғатқа теріс ықпалын барынша азайтуға негізделуге тиіс. Бұл ретте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары маңызды бағдар болады.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар жеті маңызды жүйелі реформаның және жеті басым саясаттың төңірегінде құрылған, олар 2025 жылға дейінгі кезеңде елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде жүзеге асырылатын болады. Елдің әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы прогресін өлшеу үшін негізгі ұлттық индикаторлар мен халықаралық индекстер айқындалды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық жобалары 
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 7 қазандағы №  670 Жарлығымен 10 Ұлттық жобаның тізбесі бекітілді.
 
Ұлттық жобалар тізбесі:
1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы.
2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы.
3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы.
4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы.
5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы.
7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы.
8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы.
9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.
10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.