Қызылордада «Syr darya» коммуналдық базары ашылды
Бүгін Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы мен дәстүрлі қала күніне орай маңызды нысандар пайдалануға берілді. Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен сол жағалауда жаңа «Syr Darya» коммуналдық базары мен «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағының ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.
Өңдеу өнеркәсібін дамыту – экономиканы әртараптандырудың негізі
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ел Президентінің Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, инвестициялық белсенділікті арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында инвестициялық климат жақсарып, өнеркәсіптік және кәсіпкерлік бағыттағы ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның айғағы – жуырда іске қосылған «Қызылорда-Нан» кешені мен бүгін ашылған жаңа нысандар.
«Syr Darya» коммуналдық базары – заманауи сауданың жаңа үлгісі
«Техоснастка Ремсервис» серіктестігі қолға алған «Syr Darya» коммуналдық базары – заманауи талаптарға сай жабдықталған, қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасайтын ірі сауда алаңы. Нысанның құрылысына 2 млрд 574 млн теңге инвестиция тартылған.
Жалпы ауданы 5 000 шаршы метрді құрайтын екі қабатты кешеннің:
1-қабатында – азық-түлік пен тамақ өнімдері,
2-қабатында – киім-кешек пен тұрмыстық тауарлар сатылатын орындар орналасқан.
Бұл базар жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз, тікелей сату мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға, бейберекет базарларды бір жүйеге келтіруге ықпал етеді.
«Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағы – кәсіпкерлікке жаңа серпін
«Syr Darya» базарымен қатар, ашылған тағы бір маңызды жоба – жеке кәсіпкер «Тұмар» іске асырған шағын өнеркәсіптік аймақ. Бұл аумақта кәсіпкерлерге арналған өндірістік орындар шоғырланған.
Мұндай аймақтарда шағын және орта бизнес өкілдері өз ісін ашып, өнім өндірумен айналыса алады. Қолайлы инфрақұрылым мен қолжетімді жалдау құны – кәсіпкерлікке қосымша серпін береді.
Қала күні қарсаңындағы қуанышты сәттер
Нысандардың ашылуы Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуымен және қала күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Аймақ басшысы тұрғындарды мерекемен шын жүректен құттықтап, бұл күннің өңір тарихындағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында нысандардың құрылыс жұмыстарына белсене атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, ел ағасы, қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа бастамаларға ақжол тіледі.
Қала күні мен тарихи мерейтой аясында іске қосылған бұл нысандар – Қызылорданың дамып келе жатқанын, облыс экономикасының жаңа бағыттарға бет алғанын білдіреді. Жаңа жұмыс орындары, заманауи инфрақұрылым, инвестициялық жобалар – мұның бәрі аймақ тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Қызылорда – тарихы терең, болашағы жарқын қала.