«Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,3 млн-нан астам адам тіркелді

2 506

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: Opennews.kz ЖИ«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» республикалық кітап оқу марафонына 1 млн 374 мың 674 адам тіркелді. Қатысушылардың басым бөлігі қазақ тіліндегі бағытты таңдаған. Бұл туралы «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, марафон Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған.

2026 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы кітап оқитын елдің зиялы ұлтқа айналатынын атап өтіп, кітап оқудың қоғам үшін маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жылдың үздік оқырмандарын анықтау үшін республикалық марафонды қолға алдық, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қор төрағасының айтуынша, жоба өткен жылы пилоттық форматта Қостанай облысы мен Шымкент қаласында өткізілген. Сол кезде марафонға 189 211 адам қатысқан.

Пилоттық кезең біз үшін маңызды тәжірибе болды. Жобаны іске асырудың негізгі тетіктерін тәжірибе жүзінде сынақтан өткіздік. Қатысушылардың белсенділігін ұйымдастыру үдерісін және цифрлық платформаның жұмысын зерделедік. Осы тәжірибенің негізінде жобаның форматы мен механизмдерін жетілдірдік, – деді ол.

Биыл марафон республикалық деңгейде өткізіліп, еліміздің барлық өңірін қамтып отыр. Жобаға ауылдардан бастап ірі қалаларға дейінгі елді мекендердің тұрғындары қатыса алады.

Жалпы марафонға 20 өңірден 190 аудан мен 87 қала қамтылып отыр. Жоба қоғамның әртүрлі топтарына арналған. Оған мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және жасына немесе мамандығына қарамастан кітап оқуға қызығушылық танытқан кез келген азамат қатыса алады, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Марафон жеті бағыт бойынша ұйымдастырылған. Соның бірі – «Кітап оқитын әулет» бағыты. Қор төрағасының айтуынша, бұл бағыттың мақсаты – кітап оқу мәдениетін отбасылық құндылыққа айналдыру.

Кітап оқу мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала ата-анасының кітап оқып, шығарма туралы пікір алмасқанын көрсе, кітапты міндет ретінде емес, күнделікті өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдайды. Сондықтан біз кітап оқуды отбасы мүшелерін біріктіретін ортақ құндылыққа айналдыруды көздейміз, – деді ол.

Бақытжан Тұрлыбековтің мәліметінше, марафонға негізгі бағыттар бойынша тіркелу 27 қыркүйек күні аяқталған. Қазірдің өзінде 1 374 674 адам тіркелген.

Тіркелгендердің 68,8%-ы қазақ тіліндегі бағыттарды, 31,2%-ы орыс тіліндегі бағыттарды таңдаған.

Қатысушылардың ішінде 681 704 мектеп оқушысы, 112 988 студент, 156 950 педагог, 40 730 адам «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша және 86 525 мемлекеттік қызметші бар. Зияткерлік бағытқа 67 614 адам тіркелген. Ал марафонның кейін қосылған «Parasat» бағытына 3 мыңға жуық адам қатысып отыр.

«Parasat» бағытына Мәдениет және ақпарат министрі тіркелді. Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген де жобаны қолдады. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян арнайы бейнежазба жолдады, – деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова.

Қор төрағасы марафонның басты ерекшелігі қатысушылар арасында жүлде үшін бәсекелестік ұйымдастырылмайтынын атап өтті.

Қоғам тарапынан түскен көптеген өтініш пен ұсынысты ескердік. Бұл жоба республикалық кітап оқу марафоны аясында жүзеге асады. Қатысушылар ешқандай жүлде қоры немесе бәсекелестік үшін ғана кітап оқымайды. Негізгі мақсат – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, – деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Марафон шарты бойынша әр қатысушы алты ай ішінде 15 кітап оқуы керек. Әр кітапты оқып болған соң арнайы сайтта шығарма туралы өз пікірін жазып, бейне пікір қалдырады. Осы белсенділік үшін қатысушыларға ұпай беріледі.

Жиналған ұпайлар негізінде республика бойынша оқырмандар рейтингі қалыптастырылады.

Сонымен қатар наурыз айынан бастап марафон қатысушылары оқыған кітаптарының мазмұны бойынша зияткерлік сайыстарға қатысады. Оның қорытындысы бойынша өңірлердегі үздік қатысушылар анықталады.

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.