109 млн теңгеден астам қаражат жымқырған бухгалтер сотталды
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша В.-ға қатысты айыптау үкімін шығарды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сот анықтағандай, В. 2019 жылдан 2023 жылға дейін М.-ға тиесілі «А» және «Г» үлестес ЖШС-лерінде бухгалтер, кейін бас бухгалтер лауазымында нақты еңбек қызметін атқарған. Осы кезеңде ол банк кілттерін алып, аталған ЖШС-лердің банктік шоттарын басқаруға тұрақты қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған. Соның нәтижесінде қаржылық операцияларды өз бетінше бастамалап, растау мүмкіндігі болған.
Қызметтік жағдайын және ақшалай қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып, В. пайдакүнемдік ниетпен, тиісті шарттық және өзге де құқықтық негіздерсіз, сондай-ақ бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетпестен, аталған ЖШС-лердің шоттарынан өз банктік шоттарына және өз бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына жүйелі түрде негізсіз ақша аударымдарын жүзеге асырған.
Осылайша, В. «А» және «Г» ЖШС-леріне 109 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.
Жасалған қылмыстың мән-жайлары мен ауырлығын, аса ірі мөлшердегі залалдың өтелмегенін және жеңілдететін мән-жайдың болуын ескере отырып, сот сотталушыға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырды.
Сотталушының асырауында 2013 және 2014 жылы туған кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, сот ҚК-нің 74-бабы негізінде жазаны орындауды 1 жылға кейінге қалдырды.
Қаз
Рус






