Үндістанда өткен халықаралық робототехника чемпионатында үздік үштікке енген оқушылар
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Ақтаулық оқушылар Үндістанның Хайдарабад қаласында өткен WRO Asia-Pacific Open Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында қола жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, ел құрамасын байрақты додаға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы дайындады. NIS 2014 жылдан бері World Robot Olympiad (WRO) қозғалысының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарып келеді.
Биыл чемпионатта әлемнің 25 елінен келген 400-ге жуық жас инженер 150-ге тарта команда құрамында бақ сынады. Қазақстан атынан жарысқа Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларынан үш команда қатысты.
Қола жүлдені Ақтаудағы мамандандырылған IT-лицейдің «ITL NOMAD» командасы иеленді. Ернұр Шамыран мен Данияр Тенелхан жаттықтырушысы Ырысджан Шахимованың жетекшілігімен «Smart Museum» жобасын таныстырып, Future Innovators Elementary санатында 160 ұпаймен үшінші орын алды. Жоба музейге арналған робот-гид пен қазақтың ұлттық аспаптарының 3D модельдерінен тұрады. Оның көмегімен келушілер экспонаттармен танысып, ұлттық аспаптардың төл үнін тыңдай алады. Қазақстандық команда осы жобамен Оңтүстік Корея, Германия, Иран, Үндістан және Румынияның бірқатар қарсыласын басып озды.
2026 жылғы халықаралық маусым алдында NIS командалар үшін қарқынды оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырды. Жас робототехниктер бұл жиындарда Үндістандағы WRO Asia-Pacific Open Championship пен WRO International Final додаларына қатар дайындалды.
WRO Asia-Pacific Open Championship – World Robot Olympiad аясында жыл сайын әлемнің үш өңірінде өтетін халықаралық ашық чемпионаттардың бірі. Бұл жарыстар Азия-Тынық мұхиты аймағында, Еуропа және Америка құрлықтарында ұйымдастырылады. Биыл Үндістанда өткен Азия-Тынық мұхиты чемпионатын WRO Association және India STEM Foundation ұйымдастырды.
WRO 2026 халықаралық маусымы 8–10 желтоқсан аралығында Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтетін әлемдік финалмен жалғасады. Биылғы маусым «Robots Meet Culture» тақырыбына арналған. Әлемдік финалда Қазақстан намысын тоғыз команда қорғайды. Оның бесеуі – Назарбаев Зияткерлік мектептерінен, ал төртеуі – еліміздің жалпы білім беретін мектептерінен.
Қаз
Рус






