“Алаяқтық дер едім”: Министр ҰБТ жойылады деген қауесетке жауап берді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстанда 2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сақталады. Оқуға түсу кезіндегі жаңа тест пилоттық режимде іске қосылып, талапкерлер оны қалауы бойынша тапсыра алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Брифингте министрге Астанадағы кейбір мектептерден түскен хабарламалар туралы сұрақ қойылды. Журналистің айтуынша, 10 және 11-сынып оқушыларына келер жылы ҰБТ жойылатыны айтылып, оның орнына сыртқы платформаларда жаңа тестке дайындалу ұсынылып жатқан көрінеді.
"Жауапты түрде мәлімдеймін: келесі жылы ҰБТ сақталады. Жаңа тест тек пилоттық режимде, талапкерлер өз қалауы бойынша таңдай алатын балама ретінде іске қосылады", - деді Нұрбек.
Министр тиісті органдарға ресми сауал жолдануы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның пікірінше, мұндай ақпарат балаларын қосымша курстарға жаздыруға асығатын ата-аналардан пайда табу мақсатында таратылуы мүмкін.
"Ең бастысы - олар біз әлі таныстырмаған тестке қалай дайындай алады? Ол әлі әзірленіп жатыр. Маған баға беру қиын, бірақ бұл алаяқтық дер едім", - деп атап өтті шенеунік.
Нұрбек жаңа тесттің жеке баспасөз мәслихатында таныстырылатынын айтты. Ол оқушылар мен ата-аналарды министрлік пен Ұлттық тестілеу орталығының хабарламаларына сүйенуге шақырды.
Жаңа тест туралы не белгілі?
Сәуірде Нұрбек ҰБТ-ға балама ретінде америкалық Educational Testing Service (ETS) ұйымымен бірлесіп AIT деп аталатын тест әзірленіп жатқанын айтқан. Оның сөзінше, жаңа емтихан білімнен бөлек, талапкердің сол білімін қолдана алу қабілетін бағалауы тиіс. Министрлік оның нәтижесін Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары мен шетелдегі университеттер қабылдайды деген сенімде.
Қаз
Рус






