Дәрігердің орнына ЖИ: Қазақстан 20 елдің ішінде көш бастады
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Қазақстан STADA фармацевтикалық компаниясының тапсырысымен Human8 жүргізген халықаралық зерттеуде дәрігерге жүгінудің орнына жасанды интеллект кеңесін қарастыруға дайын тұрғындар үлесі бойынша 20 елдің ішінде бірінші орын алды. Қазақстандықтардың 74%-ды мұндай мүмкіндікті қарастыруға дайын екенін айтқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, респонденттердің едәуір бөлігі медициналық кеңес алу кезінде де жасанды интеллектті пайдалануды қарастыратынын айтқан.
«Қазақстанда ЖИ қолдану деңгейі – 71%, ал денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі – 43%. Румынияда бұл көрсеткіштер тиісінше 74% және 48%, Сербияда – 74% және 36%. Ал Францияда ЖИ қолдану деңгейі 43%, денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану – 71%; Бельгияда – 45% және 86%, Ұлыбританияда – 46% және 65%», — деп жазылған зерттеуде.
Сонымен қатар, зерттеуге қатысушылардың ішінде ЖИ негізіндегі медициналық кеңесті тек дәрігер тексергеннен кейін қолданатынын айтқандар болған.
«Респонденттердің 17%-ы ЖИ берген ұсыныстарды медицина қызметкері тексерген жағдайда ғана оны қолдануға дайын. 16%-ы ЖИ-ді тек екінші пікір алу үшін пайдалануға келіседі, ал 13%-ы оны тек жеңіл белгілер кезінде қолдануға дайын. Ал 23%-ы тек медицина мамандарына сенетінін айтқан. Бұл әсіресе Өзбекстанда (39%), Ирландияда (36%) және Бельгияда (35%) байқалады», — делінген зерттеу мақаласында.
STADA есебіндегі деректер ЖИ қолдану деңгейі жоғары елдерде денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану көрсеткіші төменірек болуы мүмкін екенін көрсетеді.
ЖИ дәрігерді алмастыра ма?
Зерттеудің жалпы қорытындысында респонденттердің ЖИ-ді медицина маманын толық алмастыратын құрал ретінде емес, қосымша көмекші ретінде қабылдайтыны атап өтіледі.
«ЖИ медицина мамандарын алмастырудан гөрі, олардың мүмкіндігін кеңейтетін құрал ретінде қабылданады», — дейді зерттеушілер.
Зерттеу авторларының пікірінше, денсаулық сақтаудың болашағы цифрлық технология мен адам сараптамасын қатар пайдалануға байланысты. Яғни ЖИ күнделікті және ақпараттық міндеттерді жеңілдетуі мүмкін, ал маңызды медициналық шешімдерде медицина маманының рөлі сақталады.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Сауалнама 2026 жылғы ақпан–наурыз айларында онлайн форматта өткен. Зерттеуге Қазақстаннан бөлек, 20 елдің тұрғындары қатысты. Әр елде 18-99 жас аралығындағы 500-ден 2000-ға дейін адам сауалнамаға қатысқан. Іріктеу жас, жыныс және өңір көрсеткіштері бойынша репрезентативті болған.
Респонденттерге 40-тан астам сұрақ қойылған. Оның ішінде денсаулыққа деген көзқарас, медициналық қызметтерді пайдалану, ЖИ дәуіріндегі медициналық көмекке қатысты таңдау, дәрігерлерге деген сенім, денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану және оның негізгі мәселелері қамтылған.
Қаз
Рус






