Күніне төрт банкаға дейін энергетик ішкен жігіт ауруханаға түсті
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Күніне 3-4 банка энергетикалық сусын ішуді әдетке айналдырған Алматы тұрғыны асқазаны ауырып, ауруханаға жеткізілген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлер онда перитонит пайда болғанын анықтаған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, хирургтер асқазаны тесілген жас жігіттің өмірін сақтап қалды. Науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға іші қатты ауырып түскен. Тексеру нәтижесінде асқазан жарасының асқынып, перитонитке, яғни құрсақ қуысының қауіпті қабынуына әкелгені анықталды.
Дәрігерлер науқасқа шұғыл ота жасауға мәжбүр болды. Олар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартты.
Емнен кейін науқастың жағдайы жақсарып, ол хирургтің бақылауымен үйіне шығарылды.
Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3-4 банка энергетикалық сусын ішіп жүрген.
Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айну сияқты белгілерді күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе асқазан аурулары, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтануына мұқият болғаны жөн.
Бұл науқаста асқазан жарасының тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айтуға болмайды. Дегенмен оларды көп мөлшерде ішу ұсынылмайды. Әсіресе асқазан аурулары бар адамдарға абай болған жөн, – деп ескертті дәрігер.
Қаз
Рус






