ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қызылорда облысында ардагерлер мен қарттарға құрмет көрсетіліп, олардың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.
Осыған орай облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, мекеме қызмет алушыларын мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы қазыналы қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық және береке тіледі. Кездесу барысында үлкенге құрмет көрсету, аға буынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екені атап өтілді.
«Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, қарттықты қадірлеу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан озық дәстүр. Бұл – өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына. Сондықтан қазыналы қарияларымызды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Аймақ ардагерлерін әлеуметтік қолдау – менің назарымдағы басты мәселе. Сіздерге көрсетілетін қамқорлық әрі қарай да жалғаса береді.
Біз Сіздерге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсетуге қашан да дайынбыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық
тілеймін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мерекелік шара барысында облыс әкімі орталық ғимаратының алдында арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап көрді. Көрмеге орталықта қызмет алушылардың өз қолдарымен жасаған ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдары қойылды. Қолөнер туындылары арасынан қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін дәріптейтін сәндік бұйымдар, тұрмыстық заттар және шығармашылық жұмыстар орын алды.
Мұндай шығармашылық жұмыстар қарттардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың белсенділігін арттыруға және қоғам өміріне араласуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы кейінгі буынға ата дәстүрін насихаттаудың маңызы зор.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 90 мыңға жуық қарт адам тұрады. Олардың 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Бұл қызметтер қарттардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге, денсаулығын сақтауға, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге бағытталған.
№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы – осы бағыттағы негізгі мекемелердің бірі. Орталықта қызмет алушыларға медициналық, әлеуметтік, тұрмыстық, психологиялық және басқа да қажетті көмектер көрсетіледі. Мекеменің басты міндеті – қарттардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне жағдай жасау.
Биыл №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 843,8 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаражат мекеменің қызметін тиімді ұйымдастыруға, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталды.
Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, мұнда қарттардың денсаулығын жақсартуға және оңалту жұмыстарын жүргізуге қажетті жағдай жасалған. Әлеуметтік қызмет алушылардың қажеттілігіне қарай медициналық бақылау, сауықтыру және оңалту шаралары ұйымдастырылады.
Мекеменің материалдық-техникалық базасын жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл өз кезегінде
арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға және қарттарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аймақта қарттарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер тек облыс орталығымен шектелмейді. Талсуат елді мекенінде 150 орынға арналған оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында 50 орындық жартылай стационар қызмет көрсетеді. Аталған нысандарда зейнеткерлерге қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады.
Оңалту орталықтарында қарттардың денсаулығын қалпына келтіруге, күнделікті өмірдегі белсенділігін сақтауға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Жартылай стационар қызметі де егде жастағы азаматтарға күндізгі уақытта қажетті қолдау алуға мүмкіндік береді.
Қарттар күні – аға буынға деген құрметті білдіретін маңызды күндердің бірі. Бұл мереке қоғамға бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагерлердің еңбегін бағалауды, олардың өмірлік тәжірибесіне құрметпен қарауды және әлеуметтік қолдауды күшейтуді еске салады.
Қазақ қоғамында үлкенге ізет көрсету, батасын алу, қарияның сөзін тыңдау ежелден қалыптасқан құндылық. Бүгінде бұл дәстүр әлеуметтік саясатпен сабақтасып, аға буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасау, олардың қажеттіліктерін ескеру және белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беру бағытындағы нақты жұмыстармен жалғасып келеді.
Мерекелік кездесуде орталық қызмет алушылары да өз ризашылықтарын білдіріп, арнайы келген қонақтармен әңгімелесті. Қарттар өздерінің өмір жолдары, еңбек тәжірибелері және бүгінгі қоғамдағы өзгерістер туралы ойларымен бөлісті.
Ардагерлер – ел тарихының тірі шежіресі. Олардың еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Сондықтан қарттарға қамқорлық көрсету – бір күндік шара емес, тұрақты түрде жүзеге асырылатын маңызды бағыт.
Қызылорда облысында аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау, медициналық және оңалту қызметтерімен қамту, олардың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған бұл кездесу – аға буынға деген құрметтің нақты көрінісі. Қазыналы қариялардың ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін қашанда құнды. Олардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау, денсаулығын нығайту және қоғамдағы белсенділігін қолдау – баршаға ортақ міндет.
Қызылорда облысының әкімдігі алдағы уақытта да ардагерлер мен қарт азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық беріп, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






