ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда өңіріндегі көлік инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және транзиттік бағыттардың өткізу қабілетін жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында «Қызылорда–Ақтөбе» бағытындағы Қызылорда қаласының айналма жолы мен «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңдарына барып, жобалардың іске асырылу барысын көрді. Жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар, құрылыс қарқыны, қолданылатын материалдардың сапасы, техникалық мүмкіндіктер және жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуы жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында еліміздің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Президент «Қызылорда–Жезқазған» автожолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып біткенін атап өтіп, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығына назар аударды.
Аталған дәліздің «Қызылорда–Ақтөбе» бағытындағы бөлігінде жолдың тарлығына байланысты көлік қозғалысының қарқындылығы артып, жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер туындап отырғаны белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы аталған бағытты кеңейту жөнінде тапсырма берген. Биыл бұл бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталып отыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұған дейінгі Жолдауында «Бейнеу–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысын
жеделдетуді тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар да биыл басталды. Жаңа автомобиль жолдарының салынуы өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және жүк тасымалының тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда–Сексеуіл», «Ұлғайсын–Сексеуіл» және «Бейнеу–Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастау рәсімі өтті. Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаларды іске асыруға әзірлік жөнінде баяндап, олардың еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында жол құрылысы саласындағы бірқатар ірі жоба қатар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Қызылорда қаласының айналма жолы.
Аймақ басшысы алдымен осы нысандағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Қызылорда қаласының айналма жолының жалпы ұзындығы 25,8 шақырымды құрайды. Жобаның келісімшарттық құны – 39,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары Ислам даму банкінің қаржысы есебінен жүргізілуде.
Жобаның бас мердігері – «Қыран» серіктестігі, ал жобалаушы ұйым – «Семдорпроект» серіктестігі. Жобаны іске асыру мерзімі 2026-2029 жылдарға жоспарланған.
Құрылыс алаңында қазіргі уақытта 150 жұмысшы еңбек етіп, 85 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар жол төсемін дайындау, инженерлік құрылыстарды салу, қажетті инфрақұрылым элементтерін орналастыру және өзге де жұмыстарды атқаруда.
Қызылорда қаласының айналма жолының салынуы қала ішіндегі көлік ағынын реттеуде маңызды рөл атқарады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін транзиттік көліктердің қала аумағына кірмей, айналма бағыт арқылы қозғалуына мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, айналма жолдың іске қосылуы қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын оңтайландыруға және көлік қатынасының қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі бұдан кейін «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жалпы ұзындығы 130,8 шақырымды құрайтын «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасының
құны – 242,3 млрд теңге. Жоба Ислам даму банкінің қаржысы есебінен жүзеге асырылуда.
Нысанның негізгі мердігері – «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері – «Элит Строй Комплект» серіктестіктері. Жобаны іске асыру мерзімі 2026-2029 жылдар аралығына жоспарланған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен 43 арнайы техника тартылған. Құрылысшылар жол учаскелерін дайындау, жол негізін қалыптастыру, қажетті инженерлік жұмыстарды жүргізу және басқа да жоспарланған жұмыстарды атқаруда.
«Қызылорда–Сексеуіл» бағытының жаңғыртылуы өңір үшін аса маңызды жобалардың бірі саналады. Себебі бұл жол Қызылорда облысының елдің орталық және батыс өңірлерімен көлік байланысын күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жүк және жолаушылар тасымалының сапасын арттырып, жол жүру уақытын қысқартуға ықпал етеді.
Жобалардың басты мақсаты – заманауи талаптарға сай автомобиль жолдарын қалыптастыру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру.
Сапалы жол – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Автомобиль жолдарының жағдайы жақсарған сайын елді мекендер арасындағы байланыс нығайып, кәсіпкерлік субъектілерінің тауар жеткізу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өндіріс және сауда салаларындағы өнімдерді тасымалдау тиімділігі артады.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң әсер етеді. Құрылыс кезеңінде жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, арнайы техникалар мен қызмет түрлеріне сұранысты арттыру арқылы өңір экономикасына қосымша серпін беріледі.
Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілуіне ерекше мән беріп, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға бірқатар тапсырма берді. Жол құрылысы кезінде техникалық талаптардың қатаң сақталуы, пайдаланылатын материалдардың сапасы және қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілуі басты назарда болуы тиіс.
Сондай-ақ құрылыс қарқынын төмендетпеу, бекітілген жұмыс кестесін сақтау және жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жаңа және жаңғыртылған автомобиль жолдары көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.
Жалпы, «Қызылорда–Ақтөбе» бағытындағы айналма жол мен «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы – облыстың көлік жүйесін дамытудағы стратегиялық маңызы бар жобалар. Олардың толық іске қосылуы Қызылорда облысының республикалық және халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары аталған бағыттардағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы нәтижесінде өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі сапалы жол инфрақұрылымы қалыптасып, жолаушылар мен жүк тасымалының тиімділігі арта түседі.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






