АЙМАҚТА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
АЙМАҚТА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында жылу беру маусымына дайындық және оның өту барысы, сондай-ақ «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына байланысты өңірлердегі ахуал жөнінде баяндады. Жылыту маусымына дайындық барысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу жүйелеріне қосылуы, отын қорының жеткіліктілігі, жылу өндіруші кәсіпорындардың тұрақты жұмысы және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы негізгі назарда болды.
Үкімет отырысына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуі Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты тіршілікті қамтамасыз етуші
кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі, инженерлік желілердің үздіксіз қызмет атқаруы және туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жұмыстары сала басшыларының күнделікті бақылауында болуы тиіс екенін айтты.
«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін. Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану, өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен коммуналдық мекемелерге жылу беру кезеңінде апатты жағдайларға жедел ден қою, инженерлік желілердегі ақауларды қысқа мерзімде жою және тұрғындардың өтініш-шағымдарына уақытылы жауап беру қажеттігін тапсырды. Әсіресе әлеуметтік нысандардың, көпқабатты тұрғын үйлердің және халық көп
шоғырланатын орындардың жылумен тұрақты қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазіргі таңда тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылу жүйесіне қосылуда. Жылу энергиясын тұтынушыларға беру сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте негізінде жүзеге асырылуда. Қазандықтар белгіленген режимде жұмыс істеп, жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр.
Жылыту маусымының сапалы өтуінің маңызды шарттарының бірі – қажетті отын қорының жеткілікті болуы. Бүгінде барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы өңір бойынша 80 мың тонна көмір қажет болса, оның 68 мың тоннасы тұрғындар үшін, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.
Тиісті мекемелерге отын қорының жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, көмір жеткізу және тарату жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру тапсырылды. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың қажетті отынмен үздіксіз қамтамасыз етілуі бірінші кезекте назарда болады.
Мәжілісте жылу беру маусымымен қатар өңірдегі цифрландыру мәселелері де кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы ІТ,
жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандар мен сарапшыларды тарта отырып, тиісті кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету қажеттігі айтылды. Мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда цифрлық технологияларды тиімді пайдалану – қызмет көрсету сапасын арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты барлық басқармалар, қала және аудан әкімдіктері озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, тиімді әрі нәтижелі цифрлық жобаларды енгізуге белсенді қатысуы қажет. «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру барысында нақты нәтижеге бағытталған бастамаларға басымдық берілуі тиіс.
Жиында бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру мәселесі де пысықталды. Экологиялық ахуалды жақсарту, теңіз табанынан көтерілетін тұзды шаңның таралуын азайту және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы айтылды.
Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында құрғаған теңіз табанына сексеуіл және климаттық жағдайға бейім басқа да өсімдіктерді егу жұмыстарының тиімділігін арттыру, суару мүмкіндіктерін қарастыру және жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелілігін бақылау мәселелері назарға алынды.
Сонымен қатар каналдарды бетондау жұмыстарының барысы қаралды. Су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелердегі су ысырабының алдын алу және ауыл шаруашылығы үшін қажетті суды тұрақты жеткізу мақсатында каналдарды жаңғырту маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді.
Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы кезінде құрылыс нормалары мен белгіленген талаптардың қатаң сақталуын, нысандардың сапалы салынуын және пайдалануға берілгенге дейін барлық қажетті тексерудің жүргізілуін тапсырды. Халыққа арналған тұрғын үйлердің сапасы мен қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс.
Мәжілісте негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар да сараланды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту, инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру бағыттарындағы міндеттер нақтыланды.
Жалпы, қазіргі уақытта облыста жылу беру маусымын тұрақты өткізуге қажетті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Коммуналдық кәсіпорындар тәулік бойы жұмыс режиміне көшіп, жылу желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде.
Жауапты сала басшыларына жылыту маусымы барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, тұрғындардың өтініштерін жедел қарау және туындаған мәселелерді уақытылы шешу міндеті жүктелді.
Алдағы кезеңде ауа райының өзгеруіне қарай жылу жүйелерінің жұмыс режимі реттеліп отырады. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылумен қамтылуы тұрақты бақылауда болады.
Жылу беру маусымының ойдағыдай өтуі – коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық жауапты мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысына байланысты. Сондықтан өңірдегі тиісті мекемелердің үйлесімді әрі жауапты жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






